
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес «БЖЗҚ» АҚ-дан (БЖЗҚ, Қор) белгіленген кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдері зейнет жасына толған адамдарға (ерлер – 63 жас, әйелдер – 61 жас), сондай-ақ мерзімсіз уақытқа белгіленген 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адамдарға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
Зейнет жасына жетуіне байланысты зейнетақы жарналарының міндетті түрлері есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындау үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) уақытылы жүгінуі қажет. Мұны зейнет жасына дейін 10 күн қалғанда жасауға болады. Зейнетақы төлемдерінің барлық түрлері өтініш берілген күннен бастап жүргізіледі. Егер алушы өтініш берген күні зейнет жасына толып қойған болса, өтініштің және қажетті құжаттардың ХҚКО-ға тіркелген күні өтініш берілген күн болып есептеледі. Ал азамат зейнетақы төлемін алуға зейнет жасына толғанға дейін, ертерек жүгінген болса, зейнет жасына толған күн – өтініш берілген күн болып есептеледі. Өткізіп алған уақыт үшін мемлекеттік бюджеттен, сондай-ақ БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемі тағайындалмайтынын есте ұстаған жөн.
Сондай-ақ, бюджеттен зейнетақы төлемдерін ресімдеу үшін де уақытылы жүгіну маңызды, өйткені оларды тағайындау үшін алушы ұсынған құжаттар бойынша еңбек өтілін тексеру қажет.
Айта кету керек, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру бойынша белсенді қызмет көрсету мақсатында зейнет жасына толған, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар, бірақ зейнетақы төлеміне өтініш бермеген тұлғалар бойынша Қор жыл сайын Мемлекеттік корпорациямен бірлесіп осы азаматтардың жасына байланысты тағайындалған зейнетақы төлемдерінің және бюджет есебінен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің болуы тұрғысынан салыстырып тексеруді жүргізеді. Жыл сайынғы салыстырып тексеру нәтижелері бойынша бюджет қаражаты есебінен тағайындалған зейнетақы төлемдері бар адамдар анықталған жағдайда, БЖЗҚ алушыларға мемлекеттік корпорациямен жасасқан тиісті келісім шеңберінде жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде ХҚКО-ға ұсынған банктік деректемелері бойынша зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру проактивті (өтінішсіз) қызметін көрсетеді.
Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектіктің мерзімсіз уақытқа белгіленуіне байланысты зейнетақы жинақтары төлемін алу үшін БЖЗҚ бөлімшелеріне не электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, БЖЗҚ сайтындағы (enpf.kz) немесе мобильді қосымшасындағы жеке кабинет арқылы жүгіну қажет.
БЖЗҚ-да мерзімсіз белгіленген бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін көшпелі қызмет көрсетудің ұйымдастырылғанына назар аударамыз. Бұл ретте алдын ала ақыл-кеңес, оның ішінде қызметтерді қашықтан, ешқайда бармай-ақ алу мүмкіндігіне тексеру жүзеге асырылады.
ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасы басталғанға дейін – 50 жастан бастап алуға болады. Бұған қоса, ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдері белгіленген мүгедектік тобы мен мерзіміне қарамастан мүгедектігі бар адамдарға да беріледі.
Жасы бойынша немесе мүгедектікке байланысты ЕЗЖ есебінен төлемдер алуға өтінішті enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте онлайн-форматта беруге болады. Төлемдерді алу кестесін салымшы дербес белгілейді.
Айта кету керек, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады.
enpf.kz сайтындағы "Қызметтер – Зейнетақы төлемдері – Кесте бойынша төлемдер" бөлімінде зейнетақы төлемдерінің түріне, құжаттарды беру тәсіліне, оларды ресімдеуге қойылатын талаптарға байланысты құжаттардың тізбесі, өтініш бланкілері және оларды толтыру үлгілері, сенімхат үлгісі орналастырылған.
"БЖЗҚ" АҚ қауіпсіздік және салымшыларға қатысты алаяқтықтың алдын алу мақсатында төмендегілерді еске салады:
БЖЗҚ қатаң ескертеді! Ақпаратты ресми көздерден алыңыздар және тек заң шеңберінде әрекет етіңіздер.
Жақындарыңызды, әсіресе қарт туыстарыңызды ақпараттық қауіпсіздік ережелерімен таныстырыңыздар.
Сақтық шараларын алдын ала қабылдаңыз, осылайша сіз өзіңіздің жеке деректеріңіздің берік қорғалуын, қауіпсіздігін және құпиялылығын қамтамасыз етесіз.
БЖЗҚ-ның кеңес беру қызметтерін мессенджерлер (+7 777 000 14 18 нөмірі бойынша WhatsАpp және Viber чат-боттары) арқылы, enpf.kz корпоративтік сайтынан, сондай-ақ, Instagram, Facebook, ВКонтакте, Telegram, Одноклассники сияқты әлеуметтік желілердегі БЖЗҚ-ның ресми парақшаларынан алуға болады.