Адал азамат – әділетті қоғамның негізі

Адал азамат – әділетті қоғамның негізі

Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы IT бизнес колледжінің студенттері үшін ерекше маңызы бар «Адал азамат – әділетті қоғамның негізі» тақырыбында тағылымды кездесу ұйымдастырды. Бұл шара жастардың азаматтық позициясын қалыптастыруға, адалдық пен заңға құрметтің маңыздылығын түсіндіруге бағытталды.

Кездесуге Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Меруеш Башайқызы қатысып, жастармен ашық әрі мазмұнды пікір алмасу жүргізді. Ол адалдық ұғымының тек жеке адам деңгейінде ғана емес, қоғам мен мемлекеттің негізі екенін ерекше атап өтті. Заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілік – әділетті әрі дамыған қоғам құрудағы басты факторлар болып табылады.

Студенттер өзекті сұрақтар қойып, қоғамдағы жастардың рөлі мен волонтерлік қозғалыстың маңыздылығын талқылады. Ашық диалог форматында өткен бұл кездесу жастардың ой-өрісін кеңейтіп, қоғамдық белсенділікті арттыруға серпін берді.

Іс-шара барысында жастарға адалдық пен әділдік құндылықтарын ұстану, заң талаптарын сақтау арқылы қоғамға пайдалы азамат болудың маңызы түсіндірілді. Сонымен қатар, волонтерлік пен қоғамдық жұмысқа қатысу жастардың болашағын қалыптастырудағы маңызды бағыт ретінде көрсетілді.
Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы осындай кездесулерді тұрақты түрде ұйымдастырып, жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасап келеді. Бұл шаралар – қоғамның болашағы саналатын жастарды тәрбиелеу мен қолдаудың маңызды бөлігі болып табылады.