Қарағанды қаласында құқықтық мәдениет жәрмеңкесі қоғамдық қабылдау форматында өткізілді.
Қарағанды қаласы мен облысы әкімдіктерінің қолдауымен, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту қағидаттарын бұлжытпай ұстанған полиция қызметкерлері халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ерекше жәрмеңке ұйымдастырды. Іс-шара «Таир» сауда қалашығында өтіп, азаматтар мен полиция өкілдері арасындағы ашық әрі қолжетімді диалог алаңына айналды.
Жәрмеңке тек облыс орталығы тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар Қарағандыға келген көптеген қонақтарға заңнаманың нормаларын түсіндіру, құқықтық мәселелер бойынша білікті кеңестер беру және құқықтық сананы арттырудың тиімді құралы болды. Сауда орталығының келушілері жәрмеңкеге қатысып қана қоймай, өздерін қызықтырған сұрақтарға толыққанды жауаптар алу мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шара аясында құқықбұзушылықтардың алдын алу және заңсыз әрекеттер жасаған жағдайда туындайтын жауапкершілікті түсіндіру мәселелеріне ерекше назар аударылды, бұл азаматтардың құқықтық хабардарлығын арттыруға септігін тигізді.
«Азаматтардың құқықтық сауаттылықты арттыруға деген жоғары белсенділігі мен шынайы қызығушылығы қуантады. Мұндай іс-шаралар сөзсіз халық пен полиция арасындағы сенімді нығайтуға, сондай-ақ қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді», – деп атап өтті Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Құқықтық мәдениет жәрмеңкесі қала өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, Қарағанды полициясының заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге және халықтың құқықтық санасын жан-жақты арттыруға деген берік ұмтылысын айқын көрсетті.