Домбыра – ұлттық рухтың үні

Домбыра – ұлттық рухтың үні

 

 

Қарағанды қаласында Ұлттық домбыра күні тек сахна алаңдарда ғана емес сонымен қатар– қоғамдық көлікте де шынайы мерекеге айналды. Таңсәріден бастап автобустардың жолаушылары жергілікті өнерпаздардың орындауындағы әйгілі қазақ күйлерін тікелей тыңдау мүмкіндігіне ие болды.

Әуен қала тұрғындарын жұмысқа, күнделікті істеріне шығарып салып, әрқайсысына қазақ мәдениетінің сұлулығы мен тереңдігін еске салды. №3 автопарктің бірнеше бағытына қамтылған бұл акция барысында әр автобуста өзіндік әуен шырқалды – лирикалықтан бастап ерлікке толы күйлерге дейін, ұлттың бай музыкалық дәстүрін паш ететін әуендер орындалды.

Әсіресе жастар мен балаларға ерекше көңіл бөлінді: аялдамалар мен автобус ішінде интерактивті ойындар мен шағын викториналар ұйымдастырылды. Қатысушыларға домбыра, әйгілі күйші тұлғалар және қазақтың дәстүрлі музыкасының тарихы туралы сұрақтар қойылды. Бұл көптеген жандар үшін тек білімдерін сынап көру емес, сондай-ақ ата-бабаларымыздың мәдени мұрасы туралы жаңа әрі қызықты мәліметтер білуге мүмкіндік берді.

Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар – шағын домбыралар мен мереке символикасы бейнеленген төсбелгілер табысталды. Бұл шағын сыйлықтар ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың және ұлттық мәдениетке деген құрметтің белгісіне айналды.

— Біз домбыра тек сахнада ғана емес, күнделікті өмірде де шырқалуын қаладық. Автобустағы жай ғана сапар халық мұрасына жақындау сәтіне айналуы мүмкін. Себебі домбыра – жай ғана аспап емес, бұл – ғасырлар бойы шырқалып келе жатқан халықтың жаны, – деді акция ұйымдастырушысы, «Жаңа Майқұдық» Мәдениет үйінің директоры Амангелді Ахметжанов.

Мерекелік акция қала тұрғындарына, әсіресе жастарға қазақ мәдениетін насихаттауға бағытталған қалалық бағдарлама аясында өткізілді.