Жаңаөзен қаласында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында тыл ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді.
Іс-шараға Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаев, қалалық мәслихат төрағасы Ғалым Байжанов, «AMANAT» партиясы Жаңаөзен қалалық филиалының атқарушы хатшысы Темір Мусаев, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері мен мекеме қызметкерлері қатысты.
Делегация мүшелері қаладағы тыл ардагерлерінің үйлеріне арнайы барып, мерекелік құттықтауларын жеткізіп, «Жеңіске 80 жыл» мерекелік медальдары мен естелік сыйлықтар табыс етті. Қала әкімі Жансейіт Қайнарбаев ардагерлерге ел үшін сіңірген еңбектері үшін алғыс білдіріп, салтанатты түрде медаль тапсырды.
Құрмет көрсетілген ардагерлер қатарында 100 жасқа толған Биехан Қожағұлқызы (1925 ж.), 95 жастағы Жұмажан Сүйіндіков (1930 ж.), 90 жастағы Бектеген Аманов (1935 ж.), 88 жастағы Моқан Қожабергенов (1937 ж.), сондай-ақ Рейм Джайлыбаев, Қойлан Ибрашов, Сүгір Балғабайұлы сынды қадірлі ақсақалдар мен аналарымыз бар. Олар жас ұрпаққа ақ баталарын беріп, елге тыныштық пен амандық тіледі.
— Бұл – ардагерлерімізге деген құрметіміздің бір ғана көрінісі. Ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру жолында мұндай тағылымды кездесулердің маңызы зор, – деді қала әкімі шара барысында.