Жаңаөзен қаласында Жеңіс күні қарсаңында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй кезегінде тұрған 10 азаматқа пәтер кілті берілді. Олардың қатарында жетім санатындағы 6 азамат, 2 көпбалалы ана, 1 зейнеткер және апатты үйде тұрған 1 азамат бар.
Пәтер кілтін табыстау іс-шарасына Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаев, қалалық мәслихат төрағасы Ғалым Байжанов, тұрғын үй кешенінің ақсақалы Сүймағанбет Бектілиев және қала тұрғындары қатысты. Арнайы безендірілген аумақта лента қию рәсімі өткізіліп, пәтер кілттері салтанатты түрде иелеріне табысталды.
Баспаналы болғанның бірі – Райымбек Қалбеков. Өз ата-анасынан ерте айырылып, әжесінің қамқорлығында тәрбиеленіп келе жатқан Райымбек үшін бұл үлкен қуаныш. Оның әжесі Нұржамал Имашева да жүрекжарды алғысын білдірді.
-Бүгін біздің отбасымыз үшін қуаныш пен көз жасы қатар келген күн. Немерем Райымбекті кішкентайынан өз қолыма алып өсірдім. Осы күнге жеткенімізге Аллаға шүкір. Мемлекетке, қала басшылығына, барша жанашыр азаматтарға алғысым шексіз, – деді Нұржамал Имашева.
Тұрғын үй кешені заман талабына сай салынып, тұрғындарға қолайлы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.
Іс-шара соңында жаңа үй иелері пәтерлерімен танысып, қала тұрғындары мен қонақтарға арналған мерекелік концерт өтті.
Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі