Жаңаөзен қаласында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Жаңаөзен қаласында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Бүгін, 2 сәуір күні Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаевтың төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиынға құқық қорғау органдарының, білім беру мекемелерінің басшылары және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Отырыста қаладағы алаяқтық, соның ішінде интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алу мәселесі қаралды. Жаңаөзен қалалық полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Мақсат Сағынов интернет арқылы жасалатын қылмыстардың көбейіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындарды алаяқтықтың жаңа әдістері туралы хабардар ету, құқықтық сауаттылықты арттыру және алдын алу шараларын күшейту қажет.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарының жай-күйі талқыланды. «Маңғыстау облысы білім басқармасының Жаңаөзен қаласы бойынша білім бөлімі» ММ басшысы Өсербай Табынчаевтың айтуынша, жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, ата-аналармен және оқушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Білім беру мекемелерінде құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылып, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге ерекше назар аударылып жатыр.

Жиын барысында комиссия мүшелері құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кешенді шараларды күшейту қажеттігін атап өтті. Қала әкімі Жансейіт Қайнарбаев қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті сақтау – жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі екенін айтты. Ол құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жетілдіру бойынша тиісті тапсырмалар берді.

Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі