Бүгін Жаңаөзен қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға қала әкімі Жансейіт Қайнарбаев, мемлекеттік мекемелердің басшылары және мүдделі тараптар қатысты.
Күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды:
1. Жұмысқа қабылдау процесінің ашықтығы және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау бойынша атқарылған жұмыстар
Бұл мәселе бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның персоналды басқару және дамыту департаментінің директоры Раушан Қазиева баяндама жасады. Ол 2019 жылдан бері жұмысқа қабылдау алгоритміне сәйкес, Жаңаөзен қаласының тұрғындарын және компания қызметкерлерінің отбасы мүшелерін жұмыспен қамту шаралары туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, осы уақыт аралығында негізгі штатқа 2206 адам, ал аутстаффинг жүйесі арқылы 2361 адам жұмысқа орналастырылған.
2. Халыққа қызмет көрсету сапасы мен ашықтықты арттыру бойынша жұмыстардың жай-күйі
Бұл бағытта Жаңаөзен қаласының Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Гүлзада Юсупова баяндама жасады. Ол қала тұрғындарына көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің санын, қызмет сапасын арттыру шараларын және цифрландыру үрдісін баяндады. 2025 жылдың басынан бері 11 292 мемлекеттік қызмет көрсетілгенін атап өтті. Сондай-ақ, халықтың сұранысына ие қызметтердің ішінде электрондық цифрлық қолтаңба алу, жылжымайтын мүлікті тіркеу, әлеуметтік төлемдер мен анықтамалар беру бар екенін жеткізді.
Отырыс барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды жетілдіру, сондай-ақ жұмысқа қабылдау үдерісін одан әрі ашық ету мәселелері талқыланды. Қатысушылар мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және ашықтықты қамтамасыз ету бойынша бірқатар ұсыныстар енгізді.
Қала басшысы алдағы уақытта да сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын күшейту және қоғаммен кері байланысты нығайту қажеттігін атап өтті.
Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі