Бүгін қала әкімі Жансейіт Қайнарбаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Кеңес барысында Жаңаөзен қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының жұмыс жоспары, көктемгі абаттандыру және маусымдық дайындық жұмыстары талқыланды.
Алғашқы мәселе бойынша Жаңаөзен қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің басшысы Сәми Әділет баяндама жасады. Ол 2025 жылға арналған жоспарлармен таныстырып, «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылатын көктемгі сенбілік шараларына тоқталды.
Сонымен қатар, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың маусымдық дайындық жұмыстары қаралды. Бұл бағытта «ӨзенИнвест» ШЖҚ МКК директорының м.а. Шарапатдинов Шапағат Абдуллаұлы, «ӨзенЖылу» ШЖҚ МКК директоры Еңсепов Берік Сақиұлы және «ӨзенЭнергоСервис» ШЖҚ МКК директорының м.а. Еркімбаев Артур Марсұлы баяндама жасап, өз мекемелеріндегі дайындық шаралары жөнінде есеп берді.
Қала басшысы кеңес барысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қала тазалығын сақтау, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Сонымен қатар, өндірістік мекемелердің басшыларына қала тазалығына белсенді атсалысуды қатаң ескертті. Бұл мақсатта әр мекемеге белгіленген аумақтарды бөліп беру жоспары әзірленетін болды.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан осы мәселелерге қатысты бірнеше ұсыныстар айтылып, олар хаттамаға енгізілді. Қала әкімі аталған жұмыстардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қадағалау қажеттігін атап өтті.
Жаңаөзен қаласы әкімінің баспасөз қызметі