Маңғыстауда соңғы екі жылдың ішінде мемлекеттен субсидия алатын шаруалардың саны 19 есеге артты

Маңғыстауда соңғы екі жылдың ішінде мемлекеттен субсидия алатын шаруалардың саны 19 есеге артты

21 қыркүйекте облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен жиында Маңғыстау облысын мал азығымен қамтамасыз ету мәселелері мен мал азығын тасымалдау жөніндегі операторлардың жағдайы талқыланды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиынға қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары, мал азығын тасымалдау операторлары, шаруа қожалықтарының иелері қатысты.

Өткен жылы өңірде қалыптасқан ауа-райының қолайсыздығына байланысты төрт түлікті жем-шөппен қамту мәселесі туындаған еді. Биыл көктем айларында жауын-шашынның түсуіне орай жайылымдық жерлерде шөп шығымы жақсы екенін айтады Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы
Қазбек Тәшімов.

2022 жылғы 21 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста "ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру" деректер базасына барлығы 591 075 бас мал тіркелген.

Маңғыстау облысын 2022-2023 жылдардағы қысқы маусымда мал азығымен толық қамтамасыз ету үшін мал басы санына байланысты 78 000 тонна шөп және 23 800 тонна жем қажет. Бүгінде облыста шөптің 51,6% және жемнің 47% қоры бар.

- Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы жануарларына қажетті азық мөлшерін жеткізу жоспарлануда. Өткен жылғы құрғақшылықтан кейін жеке шаруашылықтарға бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, - дейді Қазбек Тәшімов.

Атап айтқанда, соңғы 2 жылда мал азығына берілетін субсидия көлемі 6,5 есеге өскен. Сәйкесінше, субсидия алушылардың саны 19 есеге артқан.

Мәселен, 2020 жылы облыс бойынша мемлекеттен бөлінген субсидияны 10 шаруа қожалығы алса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 82-ге жетті. Субсидия алу бойынша жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде және бюджеттен тиісті қаражат бөлінуінің арқасында осы жылы 197 шаруа иесі мемлекеттен көмек алды. (2022 жылы мал шаруашылығына 706 млн.теңге субсидия бөлінді).

Сонымен қатар әр аналық мал басқа төленетін норматив көлемі 2021 жылмен салыстырғанда көбейген. Мәселен, былтыр түйе, жылқы, сиырдың аналық әр мал басына – 10 мың теңгеден және қой мен ешкіге 2500 теңгеден төленсе, биыл бұл баға 2 есеге өскен.

Мал азығын субсидиялау талаптарына сәйкес 2021 жылы түйе, жылқы, сиыр мал басына – 25 аналық мал бастан және қой мен ешкіге 150 аналық мал бас талап етілсе, биылғы жылы мал басының болуы талап етілмейді.

Сондай-ақ, осы жылы субсидияларға өтінімдерді қабылдау мерзімі 2020-2021 жылдармен салыстырғанда ұзартылды.

«Каспий» ӘКК» АҚ-ның басқарма төрағасы Бекнұр Беисовтың айтуынша 2021-2022 жыл аралығында операторлар өңірге 27 600 тонна шөп жеткізуге міндеттеліп, қазіргі таңда соның 13 574 тоннасы тасымалданған. Тасымалданған шөптің 1 келісі 60 теңгеден шаруа қожалықтарына сатылған.

Одан бөлек бүгінгі таңда азық-түлік корпорациясы және операторлар арқылы өңірге 8 125 тонна жем (бидай,кебек) тасымалданған.

-Қазіргі уақытта облыс бюджетінен бөлінген ақшалай қаражат нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылды. Енді қала, аудандарға қарасты ауыл шаруашылық бөлімдері жем-шөп тасымалдаушы операторлармен байланысып, мал азығының толықтай жеткізілуін, қордағы жеткізілген жем-шөпті ауылшаруашылық иелеріне уақытылы сатылуын тиісті деңгейде қадағалау керек,- деді Бекнұр Беисов.

-Былтырғы қуаңшылықтан сабақ алдық деп ойлаймын. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан жан-жақты көмек шаруа иелеріне толықтай жету керек. Сәйкесінше, шаруа қожалықтары берілген субсидияны мақсатты пайдаланып, алдын-ала жем-шөптің қорын жасақтауы тиіс. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарды ұтымды жүргізу мақсатында шаруа қожалықтары мал шаруашылығымен айналысу кезінде өздерінің нақты мүмкіндіктерін ескеру қажет,- деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.