Маңғыстауда иесіз малдың қатысуымен жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті

Маңғыстауда иесіз малдың қатысуымен жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті

21 қыркүйекте облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен жол-көлік оқиғаларының мәселелері талқыланды.

Ресми мәлімет бойынша, өңірде соңғы 9 күннің ішінде түйе малының қатысуымен екі ірі жол-көлік оқиғасы орын алып, 5 адам қаза тапқан. Маңғыстау облыстық полиция департаментінің басшысы Аян Дүйсембаевтың айтуынша, түйе, жылқы, ірі қара малдары тас жолдарда түнгі мезгілде көп жүреді.

-Аталған қайғылы оқиғалардың басым көпшілігі түнгі мезгілде көліктің жылдамдығын асыру салдарынан орын алады. Маңғыстау облысы мал саны жөнінен Республика бойынша соңғы орында болса, малдың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасы бойынша алдыңғы қатардағы өңірлердің сапында. Бұл олқылықтардың алдын алу мақсатында облыстық Полиция департаменті тиісті шаралар қабылдауда,-деді Аян Дүйсембаев.

Өңір басшысы полиция департаментіне жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиімді шараларды қабылдауды тапсырды.

-Ең алдымен, әрбір адам өз қауіпсіздігіне, сондай-ақ жақындарының өміріне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Өкінішке орай, жол апатының басым көпшілігі жол қозғалысында жүргізушілердің жол жүру ережелерін сақтамауынан туындайды, нәтижесінде соңы қайғылы жағдайға әкеліп соғады. Аталған мәселені шешу үшін жүйелі және алдын алу тетіктерін жүргізу қажет,- деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.