Маңғыстауда жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланды

Маңғыстауда жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланды

13 қыркүйекте облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппарат жиынында жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевтың айтуынша, облыстың алдағы жылыту маусымына дайындығы барысында ұзындығы 2,687 шақырым жылу желілерін жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Сондай-ақ, 554 шақырым электрмен жабдықтау желілері жөнделді.

Ақтау қаласының 15, 20, 28а, 33 шағын аудандарының тұрғындарын сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында 5 модульдік жылу қазандығы сатып алынды. Бұл қазандықтар өңірге қыркүйек айының соңына дейін жеткізіледі.

- Жаңа шағын аудандарда негізінен көп қабатты тұрғын үйлер орналасқандықтан, сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында қыркүйек айының соңына дейін 5 модульдік жылу қазандығы, 4 блокты-модульді қазандық және бір мобильді қазандық сатып алынады. Сондай-ақ Ақтау қаласының 1-ден 6-ықшам ауданына дейінгі жылу желілерін жаңғырту бойынша бірінші кезеңнің конкурстық рәсімдері аяқталып, мердігер анықталды. Қаражат бөлінуіне қарай жұмысты бастау жоспарлануда, - деді Бердібек Қартбаев.

Алайда облыс бойынша жылу беру маусымына дайындық көңіл көншітпейді. Тозығы жеткен құбырлар, қордаланған мәселелер тұрғын үйлер мен объектілерге жылу жүйесін жүйелі жеткізуді тежейді.

Бұдан басқа, Ақтау қаласының жаңа шағын аудандарын жылумен тұрақты қамтамасыз ету үшін қуаты 100 Гкал/сағ қазандық құрылысы жобасына мемлекеттік сараптама жүргізуді жеделдету қажет.

Жиында аймақ басшысы көтерілген мәселелер бойынша жедел нақты шешімдер қабылдау керектігін айтып, алдағы жылыту маусымына салғырттық танытқан қала, аудан әкімдерін сынға алды.

-Қыстың ауылы алыс емес, қазірден жылыту маусымына дайындықты бастау керек. Оған аз уақыт қалды. Бірақ әлі де шешілмеген мәселелер бар. Бұл жауапкершіліктің жоқ екенін білдіреді. Ертеңгі күні тұрғындардан көптеп шағым түсе бастағанда, сіздердің жұмыстарыңызға тағы да сын келеді. Сондықтан облыс халқын жылумен толық қамтамасыз ету үшін, аталған мәселелерді тез арада шешу керек,- деді Нұрлан Ноғаев.

Өз кезегінде облыс әкімі жауапты тұлғаларға жылыту маусымына тыңғылықты дайындалу, соның ішінде қазандықтарды газбен қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.