
Бүгін, 26 сәуір күні Жаңаөзен қаласында Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласының өнерпаздары арасында республикалық «Бес асыл» командалық ұлттық өнер сайысы өтті. Мәдени шараға Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов қатысты.
Ауқымды мәдени іс-шара Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының бастамасымен және Маңғыстау облысы әкімдігінің және «AMANAT» партиясының қолдауымен ұйымдастырылды.
Сайыс Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында айқындалған ұлттық құндылықтарды дәріптеу, дәстүрлі өнерді дамыту және өңіраралық мәдени байланыстарды нығайту мақсатында өткізілді.
Сайыстың негізгі мақсаты – айтыс ақындары мен дәстүрлі өнер өкілдерінің шығармашылық әлеуетін арттыру, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау және жастарды ұлттық өнерге баулу.
Байқау аясында қатысушылар сүре айтыс, түре айтыс, қайым айтыс, қыз бен жігіт айтысы секілді дәстүрлі айтыс түрлері бойынша өнер көрсетті. Сонымен қатар күй, жыр, терме және дәстүрлі ән жанрлары қамтылды.
Командалық форматта өткен сайысқа әр өңірден бір жетекші, төрт айтыскер ақын, сондай-ақ термеші, жыршы, дәстүрлі әнші, күйші және таныстырушы қатысты. Қатысушылардың өнері суырыпсалмалық шеберлігі, мазмұн тереңдігі, ұлттық дәстүрді сақтау деңгейі және сахналық мәдениеті бойынша бағаланды.
Өнерпаздардың өнерін мәдениет және өнер саласының танымал қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы саралады. Олардың қатарында айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман, жыршы-ғалым Берік Жүсіпов, ақын Сарин Қалқаман, күйші-зерттеуші Мұрат Әбуғазы, әнші Серік Оспанов, ақын-журналист Жанарбек Әшімжанов және ақын, сарапшы Көпбосын Өміржан бар. Кешті ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай жүргізді.
Іс-шара қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының айтыскерлері жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алды. Екі команданың айтыскерлері де арнайы дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен және ұйымдастырушылар тағайындаған жүлделермен марапатталды.
Аталған жоба ұлттық өнерді жаңғыртуға, жас таланттарды қолдауға және өңірлер арасындағы мәдени ықпалдастықты арттыруға бағытталған маңызды бастама болып саналады.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі