
Жаңаөзен қаласында кезекті аппараттық жиналыс өтті
13 қаңтар күні Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиналыс өтті.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Жаңаөзен қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Нұржұма Гумарова «Жаңаөзен қаласының 2026–2030 жылдарға арналған Даму жоспарының стратегиялық бағыттары туралы» баяндама жасады.
Баяндама барысында қаланың демографиялық ахуалы, халық санының өсу болжамдары, макроэкономикалық көрсеткіштер, өнеркәсіп өндірісі, инвестициялар көлемі, мұнай өндіру динамикасы және негізгі капиталға салынатын инвестициялар жөнінде мәліметтер ұсынылды. Сонымен қатар энергетика, өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және көлік салаларында іске асырылатын ірі жобаларға тоқталды.
Жиында 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарына енгізілген білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, жұмыспен қамту, туризм, кәсіпкерлік, жол құрылысы, сумен жабдықтау, газ және электр желілерін жаңғырту бағытындағы жобалар талқыланды. Өңірлік стандарттар жүйесін енгізу арқылы бюджеттік жоспарлаудың тиімділігін арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Қала әкімі Жансейіт Қайнарбаев даму жоспары аясындағы жобалардың нақты, жүйелі және уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуді, салалық бөлімдер арасындағы үйлесімділікті күшейтуді және бюджет қаражатын тиімді жоспарлауды тапсырды.
Жиналыс қорытындысы бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы әкім аппаратының бақылауына алынды.
Жаңаөзен қаласы әкімінің баспасөз қызметі