Бүгін, 1 тамыз күні Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өткізілді.
Кеңес барысында қала мен облыс әкімінің әртүрлі жиналыстарында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы мен 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы Жаңаөзен қаласы әкімі аппаратына жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштер мен депутаттық сауалдардың қаралу жайы қаралды.
Кеңесте Ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы Бауыржан Молдабеков пен құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Жақсылық Орынбеков баяндама жасап, өз салалары бойынша есеп берді.
Аппараттық кеңес барысында қала басшысы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы мен «Taza Qazaqstan» телеграм-ботын тұрғындар арасында кеңінен насихаттаудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Сонымен қатар, халық арасындағы тазалық мәдениетін арттыру – тек тұрғындардың емес, барлық мекемелер мен ұйымдардың ортақ міндеті екенін атап өтті. Осы бағыттағы жұмыстардың мардымсыз жүргізілуіне байланысты тиісті мекеме басшыларына қатаң ескерту жасалды.
Қала әкімі Рахат ауылындағы санитарлық жағдайдың төмендігін атап өтіп, тазалық жұмыстарының жүйесіз жүргізілуіне байланысты Рахат ауылының әкімі Райымбек Сырымовқа сөгіс жариялады. Ауыл аумағындағы тазалықты күшейтіп, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Жансейіт Қайнарбаев бақылауда тұрған тапсырмалардың орындалу барысына назар аударып, барлық жауапты бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне хаттамалық тапсырмаларды сапалы әрі мерзімінде орындауды, көтерілген мәселелерге ерекше мән беруді және тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Жаңаөзен қаласы әкімінің баспасөз қызметі