27 мамыр күні Жаңаөзен қаласында ел демографиясын нығайтуға және ұлттық құндылықтарды сақтауға зор үлес қосып жүрген көпбалалы аналарға мемлекеттік наградалар салтанатты түрде табысталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 3 сәуірдегі №829 Жарлығы негізінде Жаңаөзен қаласы бойынша 17 анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік марапаттары тапсырылды.
Қала әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағанбетов көпбалалы аналарды шын жүректен құттықтап, олардың қоғамдағы айрықша рөлін атап өтті.
- «Ана – отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның тірегі. Сіздердің ел демографиясын нығайтуға, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге қосқан баға жетпес үлестеріңіз зор. Мемлекет сіздердің қажырлы еңбектеріңізді әрдайым жоғары бағалап, қолдау көрсететін болады,» - деді қала әкімінің орынбасары.
Марапат иелері қала басшылығына көрсетілген құрмет үшін алғыстарын білдіріп, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында балаларды тәрбиелеуді абыройлы міндет деп санайтындарын жеткізді.