Жаңаөзенде денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері талқыланды

Жаңаөзенде денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері талқыланды

21 мамыр күні Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңесте денсаулық сақтау саласындағы бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Жиынға қалалық медициналық мекемелердің басшылары мен тиісті сала өкілдері қатысты.

Баяндамалар барысында №1 және №3 қалалық емханалар, көпбейінді қалалық аурухана, жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен жоғары медициналық колледждің 2025 жылдың алғашқы 4 айында атқарған жұмыстары мен жыл соңына дейінгі жоспарлары таныстырылды.

Қала әкімі №3 қалалық емхана ғимаратындағы күрделі жөндеу жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде аяқталуын тапсырды. Сонымен қатар, инфекциялық бөлімді уақытша өзге ғимаратқа көшіру шаралары пысықталды.

Жиын барысында қала басшысы рентген бөлімін перзентхана ғимаратының ішіне көшіру, жедел жәрдем автокөліктерін жаңарту және медициналық көмек көрсететін бригадалар мен мамандар санын жыл соңына дейін арттыру қажеттігін қатаң ескертті.

Сонымен қатар, екпе алудың қала бойынша төмен көрсеткішіне алаңдаушылық білдіріп, бұл бағыттағы ақпараттандыру жұмыстарының жеткіліксіз екенін атап өтті. Осыған байланысты қалалық емханалар мен медициналық орталықтардың дәрігерлеріне тұрғындармен жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Кеңес соңында өндірістік мекемелерге қала тазалығы мен абаттандыру бойынша жауапкершілікті күшейтіп, сенбіліктерге белсенді қатысу туралы нақты тапсырмалар берілді.

Кеңес қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға бекітілген мерзім ішінде тапсырмаларды орындау міндеттелді. Барлық тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.