Жаңаөзенде мәдениет және өнер қызметкерлері күні аталып өтті

Жаңаөзенде мәдениет және өнер қызметкерлері күні аталып өтті

2025 жылдың 21 мамыр күні, Жаңаөзен қаласында 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған «Шабыт және бірлік» атты салтанатты жиын өтті. Шараға мәдениет саласының қызметкерлері, өнер иелері мен қала тұрғындары қатысты.

Жиын барысында Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Исаханұлы Қайнарбаев құттықтау сөз сөйлеп, сала үздіктерін түрлі марапаттармен марапаттады. Олардың қатарында облыс және қала әкімдігі тарапынан берілген алғыс хаттар мен құрмет грамоталарына ие болған мәдениет қызметкерлері бар.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың сәуір айында Ақтау қаласында өткен "Ақтау – Түрік әлемінің мәдени астанасы" халықаралық шарасына белсене қатысқан өнер иелері мен ұйымдастырушыларға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының алғыс хаттары табысталды. Жалпы, марапат алғандардың саны 100-ден асады.

Салтанатты жиын мерекелік концертпен жалғасты. Концерттік бағдарламада вокалдық, аспаптық және хореографиялық қойылымдар орындалып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қалалық мәдениет үйлері мен үйірмелерінің өнерпаздары өз өнерлерін паш етті.