Құрметті қазақстандықтар!
Сіздерді Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – батыр бабалардың даңқты жолы мен бүгінгі буынның туған елге қызмет ету дәстүрін тоғыстыратын мереке.
Отан қорғау – қасиетті парыз әрі мәртебелі міндет. Халқымыз антына адал, сертіне берік перзенттерін ерекше қадірлейді.
Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы кезеңде айбынды армиямыз қастерлі Тәуелсіздігіміздің және мемлекеттілігіміздің мызғымас қорғанына айналды.
Қорғаныс әлеуетімізді арттыру, сарбаздардың дайындығын күшейтіп, оларға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі.
Бейбіт өміріміз бен тыныштығымызды, жеріміздің тұтастығын сақтау үшін қызмет етіп жүрген сардарлар мен сарбаздарға ризашылығымды білдіремін.
Ержүрек жауынгерлеріміз ел сенімін ақтайды деп сенемін!
Баршаңызға бақ-береке және толағай табыс тілеймін!
Баршаңызды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – тәуелсіз еліміздің елдігін, тыныштығы мен қауіпсіздігін қас қақпай күзетіп жүрген айбынды азаматтарымызды құрметтеп, ұландарымызды ұлықтайтын күн.
Елінің қорғаны бола білген бүгінгі Қазақстан әскері – батыр ата-бабаларымыздың ерлігін жалғастыратын патриоттық мектеп деп білеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әскерилерге әрбір қазақстандықтың қауіпсіздігін көздің қарашығындай сақтап, ел шебін сенімді күзету жауапкершілігі жүктелгенін айтқан болатын. Өйткені, Отанға қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Елімізде өмір сүріп жатқан әрбір азамат мемлекетіміздің өркендеу жолында қалтқысыз қызмет етіп, болашағымыздың жарқын болуына өз үлесін қосу керек. Қай кезде де тәуелсіздік тұғырын биік ұстау, еліміздің өркендеу жолында табанды қызмет ету – басты парыз.
Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыз, тыныштығымыз бен бейбіт өміріміздің кепілі – қуатты әскеріміз бен ұлттық Ұланымыздың абыройы асқақтай берсін!
Шекара шебін қас қақпай күзетіп, халқымызға қорған болған айбынды азаматтарымыздың рухы биік, мәртебесі арта берсін!
Ел іргесі бүтін, жұртымыз тыныш болсын!
Құрметпен, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев
2022 жылғы 06 мамыр
Мемлекет басшысы Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйлеп, сардарлар мен сарбаздарды, ардагерлерді мерекемен құттықтады.
– Осыдан отыз жыл бұрын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды. Бұл мемлекеттігімізді нығайту жолындағы маңызды қадам болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент егемендік алған кезде әскери әлеуеті мықты армия жасақтауға баса мән бергенімізді, отаншыл әрі кәсіби мамандардың арқасында бұл міндет ойдағыдай атқарылғанын атап өтті.
– Қорғаныс саласындағы негізгі мәселелер дер кезінде шешімін тапты. Осы маңызды жұмысқа еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов өлшеусіз үлес қосты. Оның мол тәжірибесі Қарулы Күштеріміздің негізін қалауға зор септігін тигізді. Бүгінде «Жас ұлан» әскери мектебіне және Құрлық әскерлерінің әскери институтына Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілген, – деді Президент.
Мемлекет басшысы айбынды армиямыз Тәуелсіздігіміздің қорғаны, Жаңа Қазақстанның тірегі екенін айтып, отаншыл әрі қайсар сарбаздарымыз ел қауіпсіздігін сенімді қорғап тұрғанына тоқталды.
– Олар батыр бабалардың даңқты жолын лайықты жалғастырып келеді. Қазақ үшін елдік пен ерлік – егіз ұғымдар. Батырлық – қанымызға сіңген қасиет. Қазыбек би айтқандай, «Біз – жерімізге жау тимесін деп, найзаға үкі таққан елміз». Ұлы дала ұландары қашанда ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен атамекенін қорғай білген. Алтайдан Атырауға дейінгі кең байтақ жерін ұрпаққа мирас еткен. Біз аманатқа адал болып, еліміздің тұтастығы мен тыныштығын сақтау үшін бәрін жасаймыз. Бұл – Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еліміздің әскери доктринасы тек қорғанысқа бағытталғанын, ұлттық мүдделерді қорғау мәселесінде дипломатияға сүйенетінімізге ерекше мән берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, біздің сыртқы саясатымыз сындарлы, салмақты, елдің ұлттық мүддесін қорғауға бағытталғандықтан, мемлекеттердің бәрімен достық қарым-қатынас орнатып келеміз.
– Бірақ бұрын-соңды болмаған әлемдік геостратегиялық шиеленіс жағдайында еліміздің қорғаныс қабілетін арттырудың мәні зор. Әскери-техникалық саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту – Қазақстан үшін маңызды. Бітімгерлік қызметінің арқасында Қазақстан армиясы әлемдік деңгейде танылды. 1990 жылдары біз Тәжікстанға алғаш рет бітімгерлік күш жібердік. Қазақстандық әскерилер БҰҰ мен ЕҚЫҰ миссиялары аясында табысты қызмет атқарды. Бүгінде біздің бітімгерлік контингент Ливан мен Батыс Сахарада жүр, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, мұның бәрі Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға елеулі үлес қоса алатын сенімді серіктес ретіндегі беделін нығайтады. Сонымен қатар Қарулы Күштерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және техникамен қамтамасыз етуге үлкен мән береміз. Нақты ұрыс қимылдарында тиімділігін дәлелдеген қару үлгілерін сатып аламыз және отандық кәсіпорындарда шығарамыз.
– Бүгінде армиямыз әлемдік стандартқа сай жабдықталған. Сонымен қатар жаңа жаһандық сын-қатерлер Қарулы Күштеріміздің жауынгерлік қабілетін арттыру үшін оңтайлы шешімдер іздеуді талап етеді. Сондықтан, менің тапсырмам бойынша жоғары мобильді және гибридті соғыстар жүргізуге қабілетті арнайы операциялық жасақтар құрылды. Әлемдегі соңғы оқиғалардың тәжірибесін ескере отырып, біз әскери іс-қимылдардың стратегиясы мен тактикасын үнемі жетілдіріп отырамыз. Жеке құрам жүйелі түрде жауынгерлік дайындықты пысықтайды, ауқымды оқу-жаттығулар өткізіледі. Болашақ офицерлерді даярлаудың заманауи жүйесі құрылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әскери білім беру саласына арнайы тоқталды. Оның айтуынша, ұл-қыздарымыз республикалық әскери мектептерде Отан қорғау ісін меңгере бастайды және елімізде үздік әскери оқу орындары бар.
– Оның көш басында тұрған Ұлттық қорғаныс университеті қауіпсіздік саласындағы ірі ғылыми орталыққа айналды. Мемлекет әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса назар аударып келеді.
Оларға баспана беріледі, басқа да жеңілдіктер ұсынылады, лайықты жалақы төленеді. Жастар үшін әскери борышын өтеу және Қарулы Күштер қатарында келісімшартпен қызмет ету – абыройлы міндет. Шын мәнінде, армия – өмір мектебі ғана емес. Сонымен бірге мақсаты айқын және отаншыл жастардың болашағына жол ашады. Осы орайда, әсіресе, басшылық құрамға зор жауапкершілік жүктеледі. Сіздердің Отан алдындағы адал қызметтеріңіз жастарға үлгі-өнеге болып, айрықша ерік-жігер береді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңіс қарсаңында Отан қорғаушы күнін тойлаудың символдық мәні зор екенін, Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихында өшпес із қалдырғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, соғыс кезінде халқымыз көзсіз ерлік пен қайсарлық көрсетті.
– Республикамызда соғысқа дейінгі жылдары құрылған зауыттар мен соғыс кезінде көшірілген кәсіпорындар армияны қамтамасыз етуде, Жеңісті жақындатуда зор рөл атқарды. Фашистік басқыншылармен шайқаста жанқиярлық ерлік көрсеткені үшін Қазақстаннан шақырылған 500-ден астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Қан майданда қазақтың арулары да ерлікпен шайқасты. Қаһарман қыздарымыз Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың аты аңызға айналды. Биыл Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толады. Ол – 300-ден астам әуе жорығын жасаған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін әйгілі ұшқышқа «Халық қаһарманы» атағы берілді. Бірақ әлі де көптеген отандасымыздың батырлығы лайықты бағаланбай келеді. Сондықтан тарихи әділдік орнату – Отан алдындағы қастерлі міндетіміз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы сол себепті, бүгін сұрапыл соғыстағы ерлігі еленбей қалған батырларымызға «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойғанын айтып, атақты мергендер Төлеуғали Әбдібеков пен Ыбырайым Сүлейменов және атқыштар батальонының командирі Александр Несмияновтың есімдерін атап өтті.
– Осы қаһармандарымызға тиісті атақтарын беру – тарихи әділдікті орнату деген сөз. Біз даңқты ерлеріміздің рухына тағзым етеміз. Майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігін жадымызда жаңғырту – перзенттік парызымыз. Олардың өмір жолы ұрпаққа үлгі-өнеге бола береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөзінің соңында жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс мейрамымен құттықтап, мерекелік концертті тамашалады.
Құрметті отандастар!
Сіздерді барша мұсылман қауымы үшін қасиетті Ораза айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Отыз күндік оразадан кейін келетін бұл мерекені халқымыз қашанда ерекше сезіммен, зор қуанышпен қарсы алады. Рухани тазаруға және кемелденуге бастайтын Рамазан айын ұлықтап, бір-біріне ізгі тілектерін арнайды.
Ораза айт әр мұсылманның жүрегіне имандылық нұрын себеді. Жұртты жақсылық жасауға, қанағатшыл, қайырымды және кешірімді болуға үндейді. Біз халқымыздың осындай бірегей қасиеттерінің арқасында бірлігімізді бекемдеп келеміз.
Исламның асыл құндылықтары Жаңа Қазақстанның да руханиятын өркендетуге септігін тигізері сөзсіз.
Айт қабыл болсын!
Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке тілеймін!
Айттан айтқа аман-есен жете берейік!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
1 мамыр- Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Ақтау қаласында «Бірлік-береке бастауы» мерекелік іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, этномәдени бірлестіктің төрағалары мен өкілдері, ҚХА ардагерлері, Ассамблея жастары, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік кеште 20 этномәдени бірлестік өкілдері келген қонақтарды өз ұлттық тағамдарынан дәм татқызып, спорттық ойындарынан көрініс көрсетті.
Шара одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Маңғыстау жерінде өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің өнерпаздары өнерлерін ортаға салып, қазақ халқының достық пейіліне алғыстарын білдірді.
Маңғыстауда бүгінгі таңда 50-ден астам ұлт өкілдері, 20 этномәдени бірлестік бар.
Өз кезегінде аймақ басшысы барша Маңғыстау жұртын бірлік күнімен құттықтады.
-Құрметті маңғыстаулықтар! Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тамырын тереңге жайған еліміздің тарихына көз жүгіртсек, халқымыз қашанда татулық пен бірлікті ту еткен. Достық пейіліміздің арқасында бүгінде тұрақтылық пен келісім салтанат құрып тұр. Бүгінде еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып, «Жаңа Қазақстанның» жаңғыру жолына түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың парасаттылығы елімізде этносаралық сыйластық пен қоғамдық келісімнің тұрақтылығын одан әрі нығайтуда. Осынау сыйластық пен тұрақтылық, тәртіп пен ұйымшылдықтың биігінен бой көрсету – баршамызға жүктелген азаматтық парыз деп білемін. Бірлігіміз жарасып, бейбіт өмірде бақуатты ғұмыр кешіп, ырыс-несібе, құт-береке мол болсын! Шаңырақтарыңызға бірлік, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!,-деді облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Қазақстан халқының бірлігі күніне орай облыста 30-ға жуық мерекелік іс-шара өтуде. Соның ішінде өнер ұжымдарымен ұйымдастырылған “Бірлігіміз жарасқан” мерекелік концерті Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтарына арналады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтауы
Қымбатты отандастар!
Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Мамырдың осы мамыражай мерекесі – еліміздің тұтастығы мен ырыс-ынтымағының символы.
Достық пен өзара түсіністік дәстүрлері халқымыздың сана-сезімінде берік орныққан. Бұл қасиеттер берекелі өмірдің, бейбітшілік пен келісімнің өзегі болып отыр.
Тағдырдың жазуымен кең байтақ қазақ жерінде тоғысқан әр алуан мәдениеттер тұтаса келе ұлттық бірегейлігіміздің ажырамас бөлігіне айналды.
Біздің мақсатымыз бір, құндылықтарымыз ортақ. Мызғымас бірліктің арқасында қиындықтан қаймықпай, жаһандық сын-қатердің бәрін еңсеріп келеміз.
Бүгінде Жаңа Қазақстанды құру бастамасы бүкіл қоғамды ұйыстыруда. Бұл идея ел азаматтарының жасампаздық қуатынан бастау алады. Мемлекетімізді жан-жақты жаңғыртуға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек.
Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!
Аспанымыз әрдайым ашық болсын!
Құрметті маңғыстаулықтар, Ардақты ағайын!
Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – қасиетті жерімізді мекендейтін әр адам үшін аса қымбат. Әрбір қазақстандық үшін туған жерге деген сүйіспеншілік пен адалдық – азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімің символы іспетті. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістігі – бейбітшілік пен татулықтың жемісі.
Жыл сайын осы күнді біртұтас халқымыз ынтымақтың ырыс-несібесін еселеген игі дәстүрді жаңғыртар ерекше мереке ретінде асыға күтеді. Қазақстан аумағында 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Оның ішінде Маңғыстау облысында 50-ден астам ұлт өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, бейбітшілік пен достық қарым-қатынаста айтулы мерекені атап өтеді.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген атам қазақ ауызбіршілік нәтижесінде алынбас қамал жоқ екендігін ерте бастан пайымдаған. Бүгінде еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып, «Жаңа Қазақстанның» жаңғыру жолына түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың парасаттылығы елімізде этносаралық үйлесім мен қоғамдық келісімнің үндестігін одан әрі нығайтуда.
Осынау сыйластық пен тұрақтылық, тәртіп пен ұйымшылдықтың биігінен бой көрсету баршамызға жүктелген азаматтық парыз деп білемін. Ел басына күн туған қилы заманда да халқымыздың біртұтастығын сақтаған – тонның ішкі бауындай ынтымағы мен тектілігі. Сондықтан туған жердің төсінде, құшағын кеңге жайған егемен еліміздің баянды болашағы үшін жұдырықтай жұмыла еңбек етіп, іргелі істерге атсалысайық.
Баршамызға ортақ шуақты мереке шұғыласын шаша берсін! Бірлігіміз жарасып, бейбіт өмірде бақуатты ғұмыр кешіп, ырыс-несібе мен құт-берекеміз молая берсін! Шаңырақтарыңызға шаттық, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
Құрметпен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев
2022 жылғы 29 сәуір Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясының жұмысына қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ассамблея сессиясын Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өткізу игі дәстүрге айналғанын және мұның зор символдық мәні бар екенін атап өтті.
– Бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз. Оның айрықша маңызды екенін қаңтар оқиғалары кезінде айқын сезіндік. Қазір қатерлі күндер артта қалды. Сол кезде қандай қауіппен бетпе-бет келгенімізді уақыт өткен сайын ұғына түсеміз. Шын мәнінде, біз мемлекеттілігімізді жоғалтып ала жаздадық. Халқымыз қаңтар қасіретінен сабақ ала білуі керек. Енді ондай жағдай қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы жаңа сын-қатерлердың туындауына ықпал ететін геосаяси ахуалдың ушығып тұрғанына тоқталды. Оның пікірінше, мұндай жағдайда еліміздің азаматтық бірегейлігін нығайтып, отаншылдық рухты көтеруге баса мән беру керек.
– «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермейді. Біз жас ұрпақты нағыз отаншыл азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Осы ретте саяси және қоғамдық плюрализмнің радикалды сипат алуына жол берілмейді. Әсіресе, азаматтарды кемсітуге, олардың ары мен намысын таптауға болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, Ассамблея құрылған уақыттан бері азаматтық бірлікті нығайтуға елеулі еңбек сіңірді.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа жағдайда біздің бейбітшілік пен келісім жөніндегі саясатымыздың берік әрі институционалды тірегі қызметін атқаратынына сенімдімін. Бүгінгі сессияның міндеті – Ассамблеяның саяси жүйені реформалау ісіндегі орны мен рөлін анықтау, оны әрі қарай дамытудың бағытын белгілеу. «Біз әртүрліміз – біз теңбіз» қағидаты саяси жаңғырудың іргелі компоненті деген пікірді ұстанамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің үш негізқұраушы басымдығын айқындап берді. Біріншісі – саяси реформаларды жүзеге асыру ісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін күшейту.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасының жойылуы демократиялық сайлау стандарттарының сақталуына қатысты бірқатар мәселенің күн тәртібінен алынуына септігін тигізеді. Осы ретте Ассамблеядан ұсынылған сенаторлар жалпыұлттық интеграция мен этномәдени әралуандылық негізінде Қазақстандағы этникалық топтардың барлық мүддесін тиімді қарастыратын болады. Мұндай модель Қазақстанның парламенттік жүйесінің халықаралық тәжірибесі мен ерекшелігіне сай келеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясынан Сенат депутаттығына ұсынылатын үміткерлерді таңдаудың тиімді әрі ашық рәсімдерін әзірлеу қажет екенін атап өтті. Бұл мәселенің бәрі «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» жаңартылған заңда көрініс табуға тиіс.
– Партиялық және сайлау жүйелерінің реформасы барлық азаматтың сайлау үдерістеріне қатысуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Іс жүзінде тұтас сайлау ландшафтын қамтитын жаңа партиялар пайда болады деп болжануда. Партиялық тізім, сондай-ақ бірмандатты округтар бойынша үміткерлерді сайлау Қазақстанның этникалық әралуандығын шынайы түрде көрсетеді. Сонымен қатар этносаралық факторды саясиландыруға және бұл тақырып бойынша арандатушылық сипаттағы талқылауларға да мүлде жол беруге болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұл бағытта Ассамблея тарапынан түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізілуі қажет деп санайды.
– Елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің жалпыазаматтық құндылықтарды құрметтеуі және өздерін Қазақстанмен байланыстыруы аса маңызды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы біздің үлкен жетістігіміз. Оны жан-жақты нығайтуға міндеттіміз. Жаңа саяси жағдайда бейбітшілік пен келісімді және халықтың бірлігін аса маңызды санайтын азаматтардың партия ішіндегі дауысына басымдық беріледі, – деді Мемлекет басшысы.
Ақпараттық жұмыстарды күшейту және Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы әлеуетін арттыру мәселесі екінші басымдық ретінде аталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек. Бұл – аса маңызды.
– Болған және болатын сыртқы қақтығыстар азаматтарымыздың арасында ұлтаралық жанжал тудырып, жікке бөлінуге пайдаланылмауы керек. Оған жол беруге болмайды. Мұндай арандатушылықтар болып жатыр. Оны көріп отырмыз. Бірақ арандатушылар қайда тұрса да, қандай құжаттармен тұлғасын жасырса да, қалай құбылса да біздің бірлігімізге нұқсан келтіріп, мемлекетіміздің дербес саясат жүргізу құқығын бұза алмайды. Бейбітшілік пен тұтастық – басты құндылығымыз, онсыз болашақ жоқ екенін бәрі есте ұстауы керек. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, болмайды да, – деді Президент.
Мемлекет басшысы біздің алуантүрлі мәдениетімізді танытатын бірегей ақпаратты кеңінен таратуға, ауқымы кеңейіп келе жатқан қазақтілді аудиториямен тығыз жұмыс істеуге шақырды. Оның пікірінше, Қазақстанның дамуына өзге этностардың қосып жатқан үлесі туралы мемлекеттік тілде айту өте маңызды. Осы бағытта жұмыс істейтін БАҚ-қа қолдау көрсетіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі айда жаңа диалог алаңы – «Ұлттық құрылтайдың» алғашқы отырысы өтетінін хабарлады. Бұл жиын елімізді дамытудың өзекті мәселелерін талқылау үшін қоғамды жұмылдыруға бағытталған.
– Бұл жалпыұлттық диалогтың әмбебап моделіне айналады. Құрылтайдың құрамына депутаттар, ҚХА мүшелері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, барлық өңірдің, сондай-ақ Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестердің, бейресми ұйымдардың, бизнес қауымдастықтар мен өндіріс саласының өкілдері кіреді. Ассамблея Ұлттық құрылтаймен бірлесіп, тиімді жұмыс істеуі керек. Себебі, түптеп келгенде, екеуінің мақсаты – ортақ. Ауқымды өзгерістерге жастардың да белсене қатысқаны абзал. Кеше тұңғыш рет Қазақстан халқы Ассамблеясының Жастар сессиясы өтті. Оның ұсынымдарын мұқият зерделеу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Үшінші басымдық – құқық қорғау қызметін күшейту. Осы бағытта Ассамблея медиацияға негізделген кәсіби келіссөз жүргізушілердің бірегей институтын қалыптастыруға кірісті.
– Этномедиация оқу орталығын құру керек. Онда тұрақты оқу курстарын ұйымдастырып, аудандық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі даярлықтан өтуге тиіс. Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым министрліктеріне Мемлекеттік басқару академиясымен, ҚХА Хатшылығымен және басқа да уәкілетті органдармен бірлесіп, осы мәселе жөнінде жүйелі ұсыныстар енгізуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан қоғамның барлық саласы батыл өзгерістер жолына түскенін атап өтті. Осыған байланысты Конституцияға елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін толықтырулар енгізу туралы бастама көтерілді.
– Біз жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшеміз. Бұл сапалы түрде өзгеруді Екінші Республика деп атауға болады. Жұмыс тобы Ата Заңның 33 бабына түзетулер әзірледі. Бұл – тұтас Конституцияның үштен бір бөлігі. Осы өзгерістерді енгізу туралы заң жобасы Конституциялық кеңестің қарауына жіберілді, жақын арада шешімін шығарады, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әзірленген түзетулердің тарихи маңызы бар деп есептейді. Бұл мемлекеттілігімізді дамытудың жаңа кезеңін білдіреді.
– Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда, алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын. Референдум – аса маңызды демократиялық институт. Алайда Қазақстанда ол соңғы рет 1995 жылы қазіргі қолданыстағы Конституция бекітілген кезде өткізілді. Одан кейін «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заң қабылданды. Бірақ содан бері Конституцияға төрт рет өзгертулер енгізілгеніне қарамастан, ол іс жүзінде қолданылған жоқ. Конституцияны жалпыхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту халық қалауының айқын көрінісі болады деп есептеймін. Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді және жан-жақты демократияландыру мен Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бағытымызды нығайтады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Жаңа Қазақстан дегеніміз, шын мәнінде, Әділетті Қазақстан екеніне тағы да тоқталды.
– Жаңа Қазақстан – қарқынды түрде өзгеріп жатқан әлемде ұлттық бірегейлігімізді нығайтудың жолы. Жаңа Қазақстан ұғымын сан-саққа жүгіртіп, бұрмалауға болмайды. Азаматтардың бәрін ортақ іске жұмылдырмайынша, мемлекеттік аппарат та, қандай да бір саяси шешімдер мен экономикалық тетіктер де елімізді жаңартуға қауқарсыз. Жаңа Қазақстанды құру үшін жеке және қоғамдық құндылықтар жүйесін толығымен реформалау қажет. Біз непотизм мен патернализмге, сыбайлас жемқорлық пен компрадоризмге түбегейлі тосқауыл қоямыз. Жаңа Қазақстан әділдіктің территориясына айналуы керек. Ол үшін тек заңның әріптерін ғана емес, рухын да ұстану қажет. Заңдар догма емес, ол азаматтардың өзекті мәселелерін шешу үшін жетілдіріліп отыруға тиіс. Заң, әділдік және тәртіп біздің бақуатты өмірімізді айқындайтын нақты факторларға айналады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев диалог мәдениетін қалыптастыру және қоғамда өзара түсіністік пен сенімді нығайту қажет екеніне арнайы тоқталды. Мұның бәрі елдің жарқын болашағы мен халықтың әл-ауқаты үшін қажет.
– Біз көзқарастарымыз бен наным-сенімдеріміздегі айырмашылықтарға қарамастан, бір-бірімізді түсінуге және құрметтеуге тиіспіз. Бізді біріктіретін, күшейтетін, үйлестіретін ортақ құндылықтарға ұмтылуымыз қажет. Біздің «Әртүрлі көзқарас біртұтас ұлт» деген қағидамыз мызғымайды. Патриотизмнің жоғары құндылықтарын ұлтаралық артықшылық сезімімен алмастыруға, достық пен бірліктің орнына бір-біріне деген өшпенділікке жол берілмейді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы төзбеушілік пен «өзіміз және өзгелер» деп бөлінудің кез келген көрінісінің қатаң түрде жолын кесуге шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы өзінің бірлігін сақтауға, нығайтуға тиіс. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана Жаңа Қазақстанды құра аламыз деп есептейді.
– Біз барлық жоспарымызды міндетті түрде жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз! Сөз соңында сіздерді алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен және Ораза айт мерекесімен құттықтаймын!, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сессия барысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі Наталья Калашникова, «Қазақстан корейлері қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Сергей Огай, «Халықаралық қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Максим Рожин, саяси шолушы Никита Шаталов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, «Азаттық Рухы» агенттігінің тілшісі Надежда Палинка, «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қалалық бөлімінің төрағасы Әскер Пириев және музыкант, блогер Алексей Лодочников сөз сөйледі.
27 сәуірде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев
азық-түлік тауарларына баға белгілеудің барлық тізбегіндегі делдалдық схемаларын тергеп-тексеру бойынша комиссия отырысын өткізді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар мен қоғам белсенділері қатысты.
Сауда тізбектерін тексеру жөніндегі комиссия жұмысының нәтижелері туралы жұмыс тобының жетекшілері Аббат Өрісбаев, Аят Сүгірбай жиынға қатысушыларды хабардар етті.
Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және тежеу, өңірді қажетті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
ӘМАТ баға саясатын қалыптастыру тетіктерін анықтау мақсатында «Маңғыстау облысы әкімінің 2021 жылғы 19 тамызда «Азық-түлік тауарларына баға белгілеудің барлық тізбегіндегі делдалдық схемаларын тергеп-тексеру бойынша» комиссиясы бекітілген.
Комиссия құрамына 6 мемлекеттік органның өкілдері, 14 аудандық мәслихат депутаты, 4 қоғам өкілі кірді.
Комиссияның негізгі міндеті - баға деңгейін тұрақсыздандырудың сыртқы және ішкі тәуекелдеріне жедел ден қою, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, тиімсіз делдалдарды анықтау және алып тастау, сондай-ақ азық-түлік тауарларына, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі іс-шараларды уақтылы жүргізу.
Бүгінгі күнге дейін аталған комиссияның 5 отырысы өткізілген. Нәтижесінде барлық әкімдіктер деңгейінде 53 «халық бақылау» мониторингтік топ бекітілді. Облыс бойынша 1750 үй жанындағы дүкендерге ӘМАТ үстемеақы 15% аспау бойынша заң нормалары түсіндірілді. Облыс бойынша барлық өндірушілермен, сауда желілерімен, көтерме жеткізушілермен және бөлшек сатушылармен ӘМАТ бағасының көтерілуіне жол бермеу туралы 436 меморандумдарға қол қойылды. Тұрғындардың ӘМАТ бағасының өсуіне шағымдану бойынша барлық аудан, қалаларда Call-орталықтар қызметі ұйымдастырылды.
Жиында «Каспий» ӘКК ҰК» АҚ басқарма төрағасы Бекнұр Бейсов азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорын қалыптастыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыруға жергілікті бюджеттен 2019-2022 жыл аралығында 3 353 млн. теңге қаражат бөлінген. 2019 жылы екі ұн тарту кәсіпорнына 270 млн. теңге қайтарымды несие берілген, оның ішінде бірінші сұрыпты ұн бағасының өсуін тежеу мақсатында «Мұса – Нан» ЖШС-не-135 млн. теңге, «Саукымбек» «Асқар» ұн тарту комбинаты» ЖШС-не - 135 млн. теңге несие алған.
Осы жылға “Каспий” ӘКК» АҚ-ның тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша 462,1 тонна көлемінде бірінші сұртты бидай ұны, 57,488 тонна көлемінде макарон, 171 тонна қарақұмық жармасы, 63,250 тонна тазартылған күріш, 541,8 тонна құмшекер, 91 456 литр сұйық май, 61,615 тонна көлемінде ас тұзы «Азерсун өндіріс және логистика орталығы» ЖШС қоймасында сақтаулы.
Сонымен қатар ағымдағы жылдың мамыр айында 136 тонна тұз, 134 тонна күріш, 136 тонна құмшекерді қоймаға жеткізу жоспарлануда.
2022 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қорын толықтыруға 1,5 млрд теңге бөлінді.
Бұл қаражатқа «Каспий» ӘКК”АҚ азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын құрып, айналым қаражатын толықтыру үшін кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие береді. Осылайша, кәсіпкерлер 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті бөлшек сауда дүкендеріне нарықтағы құнынан төмен бағада сататын болады. Бұл өз кезегінде бағаның төмендеуіне оң әсерін тигізеді.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев өңірде ӘМАТ бағасын тұрақтандыру жұмыстары тұрақты жүргізілу керек екенін баса айтты.
Бүгін, 26 сәуірде өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен аппарат жиыны өтіп, онда өрт қауіпсіздігі және алдағы суға түсу маусымына дайындық, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Мұханов өрт қауіпті кезеңге дайындық және шомылу маусымында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы баяндама жасады.
Оның айтуынша жыл басынан бері облыс аумағында 60 өрт оқиғасы тіркеліп, екі адам қаза тапқан. 2020-2021 жылдары облыс аумағында орманды дала өрттері тіркелмеген. Биыл мамыр айынан бастап өрттің шығу қаупі жоғары маусым аяқталғанға дейін "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК " АҚ облыс аумағында өрт ошақтарының координаттары туралы жедел ақпаратты ұсына отырып, ғарыштық мониторинг жүргізіледі.
Төтенше жағдайлар департаменті басшысының айтуынша 2022 жылдың басынан бері Маңғыстау облысында судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан 1 адам қаза тапты.
Жүргізілген талдау нәтижесінде суда қаза табудың негізгі себебі қарапайым қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан болып отыр. Атап айтқанда тыйым салынған және жабдықталмаған орындарда және суға мас күйінде шомылу, сондай-ақ балаларды қараусыз қалдырушы ата-аналардың жауапсыздығы қайғылы оқиғаларға себеп болуда.
Қазіргі уақытта шомылуға 6 тыйым салынған және 38 рұқсат етілген учаске анықталды. Дәлірек айтсақ, Ақтау қаласында 21, Түпқараған ауданында 5, Қарақия ауданында 12 орын бар.
Өңір басшысы адам өлімінің алдын алу шараларын күшейтуді, суға түсудің маусымы басталғанға дейін қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Отырыстың күн тәртібіндегі келесі мәселе – облыстағы кәсіпкерлік және сауда басқармасының шағын және орта бизнесті дамытудағы қызметі туралы болды.
2021 жылдың қорытындысы бойынша «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1228 қатысушы кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Олардың 202 қатысушысы немесе барлық оқыған қатысушылардың 16,4% өз жобаларын қорғап 1 млрд. тг. қаражатқа несие алып, кәсіп бастаған. Сонымен қатар, «Еңбек» бағдарламасы аясында 501 қатысушы гранттық қолдауларға ие болған. Жұмыс нәтижесінде 700-ден астам жұмыс орыны ашылды.
Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен қаражат бөлініп 1500 астам кәсіпкерге немесе кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға сервистік қызметтер көрсетілді. Нәтижесінде 200 жұмыс орны ашылды.
Аппарат жиынында үкіметтік емес ұйымдарды қолдау арқылы азаматтық қоғамды дамыту мәселесі де көтерілді. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырып, олардың жұмысы барлық санаттағы азаматтарға тиімді әсер ететінін айтты.