Магистральдық инженерлік желілерді жаңарту: Ақтауда биыл жаңартылатын 9,8 шақырым желінің 1,5 шақырымына жаңа құбыр салынды

Магистральдық инженерлік желілерді жаңарту: Ақтауда биыл жаңартылатын 9,8 шақырым желінің 1,5 шақырымына жаңа құбыр салынды

Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов сала басшылары, мемлекеттік мекеме өкілдерімен бірге қаладағы магистральдық инженерлік желілерді жаңарту жұмыстарын тексерді. Қазіргі таңда биыл жаңартылатын 9,8 шақырым желінің 1,5 шақырымына жаңа құбыр салынды.

Жүрмелі жиынға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, қала әкімдігінің бөлімдері, қалалық мәслихат депутаттары мен мемлекеттік мекеме өкілдері, «МАЭК» ЖШС, “КЖСА” АҚ, сондай-ақ «Алматыинжстрой» АҚ өкілдері қатысты. Мердігер мекеме басшысы Сәкен Бердібаев жасалып жатқан жұмыстарды баяндап, қазіргі таңда құбырларды монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақ туралы баяндады.

– 9,8 шақырым, құбырмен есептегенде 22 шақырымды құрайды. Былтырғы жұмыстармен салыстырғанда бірдей болып келеді. Бұл жұмыстарды биыл ертерек бастады, деді Алматыинжстрой» АҚ механикаландырылған жұмыстар филиалының директоры Сәкен Бердібаев.

Қала әкімі жұмыстарды сапалы әрі жедел орындауды алға тартып, мердігер мекеме мен барлық жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеді.

– Жылыту маусымына нық кіру үшін, жүргізіліп жатқан реконструкция жұмыстарды сапалы орындалуы керек. Ең бастысы құбырларды сусыз қалдырмау керек. Жұмысты жеделдету үшін мамандарды үш ауысымға жұмылдыру керек. Барлық мекеме басшылары, құбыр жаңарту жұмысында кездесетін олқылықтар жедел шешілуіне атсалысып, жұмыстарды тоқтатпау керек, деді Әбілқайыр Байпақов.

Жиын соңында шаһар басшысы жұмыстарды тұрғындарға, көлік қозғалысына кедергі болмайтындай етіп жедел атқаруды міндеттеді.

Еске салайық былтыр Ақтау қаласында 11,5 шақырым жылу құбыры жаңартылған еді. Мамандар биылғы 9,8 шақырым желінің реконструкциялау жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін аяқтауға уәде етті.

 

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі