
Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов қаладағы «Мұрагер»және «Кербез» тұрғын үйлеріне қатысты мәселелерімен келген бір топ азаматты жеке қабылдады.
Тұрғындармен кездесуге құқық қорғау органдарының өкілдері, МО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы сондай-ақ, қала әкімдігінің қызметкерлері мен құрылыс мекемесінің өкілі қатысты.
Салымшылар тұрғын үй құрылыстарының заңдылығы, көппәтерлі кешендерге қатысты су, тоқ, жол, балалар ойын алаңы мен санитарлық тазалық сынды мәселелерге шағым білдірді.
Қабылдауға келген азаматтардың бірі құрылыс мекемесінің өкіліне “Кербез” тұрғын үй кешеніндегі зиянкес жәндіктер мәселесі мен тұрғын үйге кіретін жол және ауладағы қауіпсіздік шараларын қарастыруды өтінді.
Қала әкімі Әбілқайыр Байпақов әр азаматтың мәселесін мұқият тыңдап, заңға сәйкес құрылыс компанияларына қойылатын талаптар күшейтілетінін айтып, салымшылардың мүдделерін қорғау үшін жауапты мекемелерге тиісті шаралар қабылдау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі.