24 сәуірде өңір құтқарушыларына 18 бірлік заманауи «Toyota Hilux» маркалы жол талғамайтын көлік пайдалануға берілді. Осылайша, Маңғыстау облысының ТЖД автопаркінің жабдықталу деңгейі 100% құрады. Автокөлік кілттерін табыстау салтанатына арнайы қатысқан облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай облыстық ТЖД техникасын жаңарту - олардың қызметінің тиімділігі мен сапасын тікелей арттыратынын атап өтіп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Жаңа көліктер төтеншеліктердің мүмкіндіктерін толықтырып, сын сағатта шұғыл әрекет етуге көмектеседі.
Бұл жол талғамайтын көліктер апаттық-құтқару жұмыстарын жедел әрі тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Толық жетекті көліктер облыстың кез келген нүктесіне кедергісіз жетіп, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға сеп болмақ. Жергілікті бюджет есебінен сатып алынған техникалар облысқа қарасты барлық өрт сөндіру бөлімдеріне үлестіріледі.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару операцияларына арналған автомобильдерінің жалпы саны 127 бірлікті құрайды, оның ішінде 109-ы өрт сөндіру автокөлігі және 18-і жедел құтқару жасағының техникалық бірлігі. Сонымен қатар, қазіргі таңда өрт сөндіру техникаларын жыл бойы тұрақты әзірлікте ұстау мақсатында 6 ангардың құрылысы жүріп жатыр.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі