Маңғыстау облысында төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жиын өтті

Маңғыстау облысында төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жиын өтті

Бүгін, 24 сәуір күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиында алдағы шомылу маусымында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өрт қаупі кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары және апатты үйлердің жағдайы жөніндегі мәселелер қаралды.

Отырыста алғашқы болып сөз алған Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлыбек Айжарықов 2025 жылғы шомылу кезеңіне дайындық барысы туралы баяндады. Республика бойынша шомылу маусымы 1 маусымда басталғанымен, Маңғыстау облысының климаттық ерекшелігіне байланысты тұрғындар суға ерте түсетінін ескеріп, департамент қызметкерлері қазірден бастап жағалау аймақтарында патрульдік қызмет жүргізуде.

Статистика бойынша, 2024 жылы Каспий теңізінде 14 адам қаза тапқан, оның үшеуі – балалар. Ал құтқарушылардың шұғыл әрекеті нәтижесінде 59 адам құтқарылған. Теңіз жағалауында Ақтау, Құрық, Форт-Шевченко және Кендірлі демалыс аймағында орналасқан құтқару станциялары үздіксіз жұмыс істеп келеді.

Өткен жылы облыста шомылуға рұқсат етілген 41 және тыйым салынған 10 орын анықталып, сол аумақтарда профилактикалық және үгіт-насихат шаралары тұрақты түрде жүргізілді. Жиын барысында Нұрлыбек Айжарықов халықтың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірқатар нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Басқосуда Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Мирбек Караев өрт қаупі кезеңіне дайындық жұмыстары туралы баяндама жасады. Облыс аумағында жалпы көлемі 253 мың гектарды құрайтын орман қоры бар, оның ішінде 125 мың гектары – орманды алқап. Сонымен қатар, «Үстірт» мемлекеттік табиғи қорығының 223 мың гектарлық аумағы ормансыз, тұзды шөл және таулы аймақтан тұрады.

- Биыл әзірге орман және дала өрттері тіркелген жоқ. Алайда, алдыңғы жылдардағы тәжірибеге сүйене отырып, өрт қаупі жоғары маусымда тиісті іс-шаралар жоспары бекітіліп, дайындық жұмыстары қолға алынды. Мамыр айында Бейнеу және Сам орман шаруашылықтарының базасында өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізу жоспарланып отыр, - деді Мирбек Караев.

Отырыс барысында өңірдегі апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлердің жай-күйі де талқыланды. Бұл жөнінде облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев баяндады. Оның айтуынша, 2023 жылдың қыркүйек-қазан айларында техникалық қорытынды негізінде 50 үй, 820 пәтер апатты деп танылған. Қазіргі таңда 122 азамат жалғыз баспанасы апатты деп танылған тұлға ретінде тұрғын үй кезегіне тіркелген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында берілген тапсырмасына сәйкес, өңірде апатты және ескірген үйлерді бұзу арқылы тұрғындарды жаңа баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған 2023–2029 жылдарға арналған жол картасы бекітілді.

Жол картасы аясында 2023–2025 жылдары Ақтау қаласында 15 апатты үй бұзылып, орнына 590 пәтерден тұратын 9 көпқабатты үйдің құрылысы жоспарланған. 2023 жылы 3-шағынаудандағы №34 және №35 үйлердің орнына 65 пәтерлік жаңа үй салынып, апатты деп танылған 56 пәтер иесі жаңа баспанаға көшірілді. Былтыр 90 пәтерлік үйдің құрылысы аяқталды. Ал 2025 жылға жоспар бойынша, тағы бір 100 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілетін болады.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай айтылған ұсыныстар бойынша жұмыс жүргізу үшін басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аудару қажеттігін атап өтті.

 

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі