Бүгін, Ақтау қалалық ПБ жергілікті полиция қызметі мен қалалық білім бөлімі ұйымдастырған «Жас жол инспекторы» қозғалысының қалалық слеті өтті.
Шараның басты мақсаты – оқушылар арасында жол қозғалысы ережелерін насихаттау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру.
«Биылғы слетке қала бойынша 8 команда қатысты. Қатысушыларға әр кезеңде жол қозғалысы ережелері, алғашқы көмек көрсету, саптық даярлық пен шығармашылық бағыттағы тапсырмалар берілді», – деді Ақтау қалалық ПБ ЖПҚ бастығының орынбасары Нұрлан Рахаев.
Байқау қорытындысы бойынша қалалық кезеңде 1-орынды И.Сүйеубаев атындағы Ақтау қалалық №8 жалпы білім беретін орта мектебінің “Жол сақшысы” командасы иеленді. 2-орынға Ақтау қалалық №17 жалпы білім беретін орта мектебінің “Сақ жүрек” командасы ие болса, 3-орынға Ақтау қалалық №23 жалпы білім беретін орта мектебінің “Айбын” командасы тұрақтады.
Айта кетейік жеңімпаз команда 21 мамырда өтетін облыстық слетке қатысады. Алдағы уақытта аймақтық кезеңнің үздігі республикалық байқауда өңір намысын қорғамақ.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі