
Бүгін, Ақтауда қалалық Қоғамдық даму орталығының ұйымдастыруымен Жұмысшы мамандықтар жылына орай ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті.
Сайысқа Ақтаудағы кәсіби техникалық оқу орындарының оқытушылары мен “МАЭК” ЖШС және Ақтау электр желілері басқармасының қызметкерлері қатысты.
Сайыстың мақсаты – жұмысшы мамандық иелерінің қоғамдағы мәртебесін арттыру, ұжымдық ауызбіршілікті нығайту және қазақтың ұлттық ойындарын насихаттау.
Қатысушылар гір көтеру, арқан тартыс және асық ату сынды ұлттық спорт түрлерінен өзара бақ сынады. Жарыс жоғары деңгейде, қызықты әрі тартысты өтті дейді қатысушылар.
«Сайысқа қатысып, ерекше әсер алдық. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, ұлттық ойындарымыздың дамуына үлкен үлес болар еді. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз», – деді Ақтау электр желілер басқармасының қызметкері Әсет Жұмабай.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі