Жасыл баққа айналған тұрғын үй ауласы

Жасыл баққа айналған тұрғын үй ауласы

Тұрғын үй аулалары қала ішіндегі өмір сапасын арттыруда маңызды рөл атқарады. Әрбір аула тұрғындардың ыңғайлы өмір сүруі үшін жайлы әрі көрікті болуы тиіс. Осы ретте “Үлгілі аула” айдары Ақтау қаласы 40-шағын ауданда орналасқан «Central Park» тұрғын үй кешенінде болды.

Кешен аумағы толықтай жабық әрі тәулік бойы күзетпен қамтамасыз етілген. Аулада тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, аумақ толық көгалдандырылып, сәндік талдар мен арнайы шөптер отырғызылған. 

«Сонымен қатар, экологиялық таза материалдардан жасалған заманауи балалар және спорттық ойын алаңдары орнатылған», – дейді құрылыс мекемесінің өкілі Бақыт Меңдібаев. 

Мұндай абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары тұрғындардың көңілін көншітеді. Әрі мұндай бастаманы барлық шағын аудан тұрғындары қолға алуы керек дейді олар. 

«Көгалдандыру жұмысы өте керемет, жоғары деңгейде жүргізілген деп сенімді түрде айта аламын. Аула аумағы жасыл желекпен, түрлі әдемі ағаштармен безендірілген. Бұл – үлкендер үшін тынығуға, балалар үшін табиғат аясында ойнауға таптырмас мүмкіндік. Осындай көгалдандыру жұмыстары барлық шағын аудандарда қолға алынса екен деймін», дейді тұрғын.

 

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі