Ақтау қаласында дератизация жұмыстары басталды

Ақтау қаласында дератизация жұмыстары басталды

15 сәуірден бастап Ақтау қаласында көктемгі дератизация жұмыстары басталды. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес қолға алынған шараның басты мақсаты – тұрғындардың денсаулығын қорғау және жұқпалы аурулардың алдын алу.

Қала әкімдігінің тапсырмасы бойынша «Медик-гигиенист» ЖШС мамандары “Самал” шағын ауданының жағалау бөлігінде кеміргіштерге қарсы күрес шараларын атқаруда. Аталған жұмыстар қаланың өзге де аумақтарында кезең-кезеңімен жүргізілетін болады. 

«Бұл жұмыстар теңіз жағалауындағы «Самал» шағын ауданынан бастап «Ақтау теңіз сауда портына» дейін, сонымен қатар Приморск елді мекені, Өмірзақ ауылы және Ақтау қаласындағы 16, 17, 18, 19, 20-шағын аудандарда жүргізіледі, – деді Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жантілек Асхатов. 

Мамандардың айтуынша, дератизация жұмысына қолданылған препараттар адам өміріне және үй жануарларына ешқандай қауіп жоқ. Кеміргіштерге қарсы дератизация жұмыстары көктем-күз айларында жүргізіледі.

«Дератизация жұмыстары қауіпті жұқпалы ауруларды жоюға, олардың таралуына жол бермеуге және кеміргіштердің көбею санын болдырмауға бағытталған. Өткен жылмен салыстырғанда, бұл кеміргіштердің өсуі бар. Оларды толығымен жою мүмкін емес. Бірақ, олардың одан әрі көбеюі тежеледі», – деді «Медик-гигиенист» ЖШС эпидемиолог дәрігері Нұрлан Абугалиев.

Қала тұрғындарынан санитарлық қызмет мамандарының жұмысына түсіністікпен қарап, қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз.

 

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі