Ақтауда жылыту маусымы 11 сәуірде аяқталады

Ақтауда жылыту маусымы 11 сәуірде аяқталады

Бүгін, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақовтың төрағалығымен жылыту маусымының аяқталуы бойынша штаб отырысы өтті.

Жиынға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы, «МАЭК» ЖШС, «Каспий жылу, су арнасы» МКК, Ақтау электр желілері басқармасы, тұрғын үйлерге қызмет көрсетуші мекеме өкілдері және қала әкімдігінің қызметкерлері қатысты. Күн тәртібінде жылыту маусымын аяқтау және алдағы кезеңге дайындық жұмыстары мен т.б мәселелер қаралды.

Жиында Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Жақыпов жылыту кезеңінің өту барысы жайында баяндама жасап, алдағы жоспарлармен бөлісті. 

– 2024 жылы жылыту маусымы басталғаннан бері инженерлік желілерде 1030 ақау орын алды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есе аз көрсеткіш. Орын алған ақаулар дер кезінде коммуналдық мекемелер тарапынан жұмысқа алынып, қалпына келтіріліп отырды, - деді Ж. Жақыпов.

Жиын қорытындысы бойынша Ақтау қаласы әкімінің өкімімен жылыту маусымы 11 сәуірде аяқталатындығы айтылды. Осыған байланысты жауапты мекемелер тиісті шаралар қабылдауы қажет. Қала әкімінің сөзінше биылғы жылыту маусымы өткен жылдармен салыстырғанда жақсы көрсеткішпен қорытындыланды. 

Жылыту маусымын абыроймен аяқтадық. Оған сіздердің үлкен үлестеріңіз бар. Бұл тоқмейілсу емес. Әлі де атқаратын жұмысымыз көп, – деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.

 

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі