Ақтауда «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» халықаралық жобасы аясында отандық өнерпаздардың қатысуымен гала-концерт өтті

Ақтауда «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» халықаралық жобасы аясында отандық өнерпаздардың қатысуымен гала-концерт өтті

Ақтаудағы теңіз жағалауында жасақталған «Дархан дала» этноқалашығында «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» халықаралық жобасы аясында гала-концерт ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шара аясында отандық эстраданың жарық жұлдыздары өнер көрсетті.

Концертте танымал өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ұлттық өнерді дәріптеп, жанды дауыста ән әуелетіп, әсем саз ырғағында тербеді.

Гала-концертте Марат Стан, Ақмарал Арғынқызы, Сержан Масжанов, Фариза Ретбайқызы, Оспан Құлсымақ, Алина Тұрақбаева, Гүлнара Макина сынды алтын алқа, күміс көмей әншілер мен орындаушылар, «Жорға», «Мұнара» би ансамбльдері, «Колибри» сән театры секілді түрлі би ұжымдары, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Тамара Асар, Ақылбек Жеменей және басқа да танымал таланттар өнер көрсетті.

Концертте «Ақтау», «Терме», «Ұлы дала мұрасы», «Адал, Батыл, Шыншыл», «Қазағымның дәстүрлері-ай», «Өзбек биі», «Қара жорға», «Қайран» секілді көптеген танымал музыкалық және би шығармалары орындалды. Әрбір өнерпаз өз өнерін жоғары деңгейде көрсетіп, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.

«Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл іс-шара Түркі тілдес халықтардың мәдени байланыстарын нығайту және ортақ мәдени мұраны сақтап қалуға деген ұмтылысты ұғындырады.

 

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі