
Түркияның мәдениет және туризм вице-министрі Dr. Сердар Чам ресми делегациясымен бірге Каспий жағалауына тігілген киіз үйлерге бас сұғып, түркітілдес халықтардың ортақ мәдени мұрасына куә болды. Олар алдымен «Суын айғыр» ауылында қазақтың салт-дәстүрін тамашалады. Құрметті қонақты күтіп алған Маңғыстау ауданының өнерпаздары Түркия делегациясын өнерімен тәнті етті.
- Біздің мәдениетіміз ортақ. Біз бұрын да осы жақтағы барлық мәдениетті үйреніп, Анадолыға апардық. Осында жаңашылдықты үйреніп, ұмыт қалған қандай да бір әдет-ғұрыптарды көріп, сезініп жатырмыз. Мәселен, жаңа киіз үй алдында балақайдың тұсау кесу рәсіміне куә болдық. Бұйырса осы ата салтымызды өзімізге енгізіп, сол бойынша бірқатар шара жасауға тырысамыз, - деді Түркия Республикасының мәдениет және туризм вице-министрі Dr. Сердар Чам.
Содан соң делегация «Шеберлер ауылындағы» түркітілдес халықтар қолөнершілерінің туындыларымен жақыннан танысты. Dr. Сердар Чам түркітілердің атақонысы Маңғыстау өңіріне келіп тұрғанына қуанышты.
- Қатты бақытты сезініп тұрмыз, өйткені біз атақонысқа табан тіреп тұрмыз. Атақонысымыздың ең әдемі шаһары Ақтау қаласындамыз. Бұл өзіне туризм мен мәдениетті қалыптастырған ең керемет қала. Маңғыстау – ортақ мәдениетіміздің қаймағы бұзылмаған өлке. Бұл қалада теңіз портының болуы аймақтың экономикалық тұрғыда танылуына ықпал етеді. Осы мерекелік шарадан кейін Ақтау қаласының мәртебесі артатынына кәміл сенемін. Түркі әлемі үшін маңызы зор қалада бас қосып жатырмыз. Бүтін түркі әлемі болып бастан кешкен тарихымызды керемет сезініп жатырмыз, - деді Dr. Сердар Чам.
Ортақ тарихы мен мәдениеті біріктіретін елдердің ресми өкілдері түркітілдес халықтардың басқосуында ерекше көңіл-күйде болды. Олар ортақ құндылықты дәріптеген жұрттың өнеріне асқан құрметпен қарады.
- Түркі әлеміне бірлік, бауырластық, тарихын сара жолда құруын және оның ары қарай жалғасуын тілеймін. Біздің ұрпағымыз түркітілдес халықтардың тарихын білуі өте маңызды, - деді Түркия Республикасының мәдениет және туризм вице-министрі Dr. Сердар Чам.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі