
Ақтауда «Түркі әлемінің мәдени жылының» ашылуы аясында Түрікменстан елінің өкілдері ұлттық бұйымдарын көрсетті.
Балқан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлім директоры Айнабат Сапарова «Шеберлер ауылындағы» Түрікменстанның үйінде қонақтарға ұлттық бұйымдарын таныстырып жатыр. Әлемге танылған түрікмен кілемінің тарихын айтып, жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудырды.
- Біз Түрікменстаннан Түркі әлемінің мәдени астанасы Ақтауға арнайы келіп тұрмыз. Түрікмендердің құнды бұйымдарын, яғни әшекейін, әйгілі киізіміз бен кілемімізді осында көрсетіп, паш етуге келдік. Түрікмен кілемдерін ежелгі заманда түрікмен тайпалары әртүрлі мақсатта мәселен киіз үйлер үшін, есік перделері және сөмкелер үшін жасаған. Кілем толығымен жүннен жасалады, ал әр тайпаның өзіне тән геометриялық өрнектері болады. Түрікмен халқы осы ұлттық мұраны көзінің қарашығындай сақтап келеді, - дейді дейді Айнабат Сапарова.
Оның сөзінше, мұндай мәдени басқосуда түркітілдес халықтардың бірлігі одан әрі арта түседі.
- Бұл басқосу - бауырлас елдердің ауызбіршілігінің белгісі. Мәдени жыл аясында түркітілдес халықтармен танысып, оларға бұйымдарымызды көрсету біз үшін үлкен мәртебе. Мұндай мүмкіндік берген Түрікменстанның ел басшыларына алғысымызды айтамыз, - дейді Айнабат Сапарова.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі