
Құрық ауылынан келген оннан астам қолөнер шебері қамшы өруден шеберлік сағатын өткізіп жатыр. Көпшілік киіз үй ішінде қамшы өрген ісмерлердің өнеріне сүйсініп, тері өнімдерін тамашалап жүр.
-«Қазақ халқы қамшыны күнделікті тұрмыс тіршілігінде қолданған. Оны өгіздің, түйенің терісінен , 8 жасар серкенің де терісінен жасалады. Алдымен теріні илеп, иінін қандырып, одан соң таспа қылып тіліп, сосын маржан қылып тізіп өреді. Өріп болған соң қамшыны саптайды. Әдетте тобылғы ағашпен сапталады,- дейді қамшы жасау шебері Марат Амантаев.
Халықаралық шараға Қарақия ауданынан 200-ден астам делегат келген. Олар да екі киіз үй, бір темір үй тігіп «Шерқала» ауылын думанға айналдырды. Қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері шетелдік меймандарды таң қалдырды. Әсіресе тұсау кесіу, шаш алу, бата беру секілді рәсімдерде қазақтың қонақжайлық қасиеті дәріптелді.
-«Ертең өтетін халықаралық шараға арнайы келдім. Бұл - Ақтау және Қазақстан үшін өте маңызды. Өте үлкен дайындықпен әзірленген екенсіздер. Бұл шара түркі халықтарын одан әрі жақындата түсетіндігіне сенемін. Мен қазақ халқының мәдениетіне таң қалып тұрмын. Барлығы ерекше»,- дейді «TRT Avaz» телеарнасының жетекшісі Юджелем Кылычкая.
Таңғажайып тарихты бауырына басқан Маңғыстаудың қойнауы қазынаға, әр тасы тарихқа толы. Маңызды шарада осынау тарих мен мұра да көпшілікке ұсынылды. «Шерқала» ауылындағы көрмеден тас ғасыры, қола, ерте темір дәуіріндегі жәдігерлер мен балбал тастарды тамашалуға мүмкіндік бар.
-«Көрмеге қызығушылар көп. Жергілікті халықтан бөлек, шетелдік қонақтар тереңірек білгісі келіп, қызыға сұрап, тіпті фото, видеоға түсіріп алып кетуде. Біз де оларға Маңғыстау тарихын тереңірек түсіндіріп, танымдық ақпарат беріп жатырмыз»--дейді Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының бөлім меңгерушісі Айман Уәлиханова.
Сондай-ақ «Шерқала» ауылында аудан кәсіпкерлерінің қолынан шыққан сүт, ет , қолөнер бұйымдары саттыққа қойылған.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі