
«Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылында күллі түркі әлемінен келетін қонақтарға Маңғыстаудың тұрмысы мен мәдениетін дәріптейтін «Дархан дала» этноқалашығы құрылды. Этноқалашықтағы жеті ауылдың бірі - Мұнайлы ауданының тұрғындары мен өнерпаздарынан құралған «Жеті қайқы» ауылы.
Маңғыстау түбегін - Жеті қайқы мен белгілі бес жүйріктің елі деп атайды. Олар XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген Өскенбай Қалмамбетұлы, Әділ Өтеғұлұлы, Жылкелді Теңізбайұлы, Шолтаман Байсарыұлы, Тастемір Шыршығұлұлы, Тұрсын Алдашұлы, Досат Бәймембетұлы атты қазақ мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан саңлақтар.
Мұнайлы аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Есенбай Құлидың айтуынша, аудан атынан екі киіз үй, бір темір сүйекті үй тігілген.
-Жеті қайқы ауылы - Адай елінің мақтаныштары, сол заманда елдің еркін сөзі, ұлттық болмыстың айнасы болған жеті қайқының есімдері мен өшпес өнерлерін насихаттайды. Бірінші киіз үйге жыршы Қарасай Қалыұлының сұқпа домбырасы және әйгілі жырау Мұрын Сеңгірбекұлының домбырасы мен шапаны, тақиясы қойылған.
Ал, екінші киіз үйде «Құдайы қонақ», «Шашу», «Бата » дәстүрлерін көрсетеді. Сонымен қатар, дәстүрлі өнер шеберлері «Домбыра жасау» шеберлік сағаттарын өткізеді. Ал, үшінші темір үйде «Ет өнімдері», «Сөмкелер», «Әр түрлі бұйымдар», «Кулинария», «Жіптен тоқылған ойыншықтар», «Сүйектен жасалған бұйымдар», «Қол өнер» сынды қазақтың қолөнер бұйымдарынан көрме – жәрмеңкесі өтеді, - деді Есенбай Құли.
«Жеті қайқы» ауылын құру үшін Мұнайлы ауданынан 150-ге жуық адам жұмылдырылған.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі