
Бүгін «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәдени жылының аясында ұйымдастырылған мерекелік жиында жаңаөзендік «Дәстүр ауылы» 3 ақшаңқан киіз үй тігіп, ұлттық мәдениетіміз бен әдет-ғұрпымызды дәріптеп жатыр.
Киіз үйлердің біріне ұлтымыздың тұрмыстық заттары қойылса, екінші үйде халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері сахналанып, көпшілікке көрсетіліп жатыр. Ал үшінші киіз үйде қазақ халқының ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылған.
«Дәстүр ауылын» ұйымдастыру мүшесі, режиссер Алина Кенжеғалиева түркі мемлекеттерінен келген меймандарға осы ауылдың көрме-жәрмеңкесі мен сахналық көріністері ерекше әсер сыйлағанын айтты.
«Біз қазақтың беташар дәстүрін сахналаймыз. Мен сол сахналық көріністің режиссерімін. Біздің ауылда үш киіз үй тігілді. Кеше Өзбекстаннан келген қонақтар арнайы ауылымызға келіп, дәстүрімізге деген өз таңданыстарын жасырмады. Сондай-ақ, біздің киіз үйлерімізде кесте тігуден арнайы шеберлік сағаты өтеді. Бұл шеберлеріміз неше жылдан бері кесте тігіп, халықаралық деңгейде өз өнерлерін көрсетіп келе жатқан қолөнершілер. 6 сәуірге дейін біздің киіз үйімізде зергерлік бұйымдардың арнайы жәрмеңкесі болады», - деді Алина Кенжеғалиева.
Кестеші Айнагүл Нұрбергенованың пікірінше, бұрынғы қыз-келіншектер кесте тігу өнерін үлкен әже, апалардан үйренген. Ал бүгінгі «Дәстүр” ауылындағы шеберлердің кесте өнерін үйретудегі мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын үзіп алмай, жастарға насихаттау.
«Мен Жаңаөзен қаласындағы № 24 мектеп лицейінің көркем еңбек пәнінің мұғалімімін. Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесімін. Бүгінгі ауқымды халықаралық мерекелік шараға 3 шебер болып кесте өнерінен шеберлік сағатын өткізіп, халыққа үйреткелі отырмыз. Бұл өнерді шешемнен үйрендім. Біздің кестелеріміз өңір аумағында сатылады», - дейді шебер.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі