Маңғыстау облысы цифрлық технологияларды дамытуға және кәсіпкерлер мен жастарды қолдауға бағытталған инновациялық шешімдерді енгізуде екпін танытып келеді.
Өңірде IT саласын дамытудың басты орталықтарының бірі — Mangystau Hub орталығы. Бүгінде орталық стартаперлер мен жобаны әзірлеушілердің инвесторлар мен цифрлық технологиялар саласындағы сарапшылардың басын біріктіретін тың идеялар алаңына айналды.
Қазіргі таңда Маңғыстау өңірінде Mangystau Hub және Yessenov Technopark секілді IT-хабтар жұмыс істейді, сондай-ақ ақпараттық технологиялар саласында жастар бастамаларын қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар іске асуда. Маңғыстау облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Құдайберген Алмағамбетов мұндай іс-шаралардың маңызы және нәтижесі жөнінде өз пікірін білдірді
- Бүгінде бағдарламалау, жасанды интеллект және цифрлық маркетинг бойынша тегін білім беру бағдарламалары құрылуда. Сондай-ақ, технологиялық бизнесті дамыту мақсатында инвесторлар мен серіктестерді тарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Mangystau Hub-тың рөлін айрықша атап өткім келеді. Mangystau Hub өңірдегі стартаптар мен IT мамандар үшін негізгі алаңға айналды,- деді Құдайберген Алмағамбетов
Оның сөзіне сүйенсек, өңірдегі IT-хабтар цифрлық технологиялар саласындағы маңызды ойыншыға айналып, жас мамандар мен кәсіпкерлерге өсу мен даму үшін қуатты платформа ұсынуда.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.