Ақтауда 7А шағын ауданында орналасқан баскетбол алаңы жаңартылды. Бұл жұмыстар демеушілер көмегімен жүргізілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңарту жұмыстары арнайы олимпиадалық стандарттарға сәйкес жабдықталған. Баскетбол алаңының ауданы жалпы 600 шаршы метрді құрайды. Шарада Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов сөз сөйлеп, салауатты өмір салтын ұстануға ұмтылатын жастарымыз үшін жаңартылған баскетбол алаңы үлкен мүмкіндік екендігін атап өтті.
-Спорт -денсаулық кепілі. Салауатты өмір салтын ұстануға ұмтылатын жастарымыз үшін жаңартылған баскетбол алаңы үлкен мүмкіндік деп есептеймін. Алаңдарда жаттығып жүрген жасөспірімдер алдағы уақытта республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарда жеңімпаздардың қатарынан көрінеді деп сенемін. Қала жастарының спортпен шұғылдануына жағдай жасайтын алаңдарымыз көп болсын тілеймін., - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, енді жаңартылған баскетбол алаңында халықаралық жарыстарды өткізу мүмкіндігі туды.
-Баскетбол алаңының жарық шамдары және жабдықтары толығымен жаңартылды. Сондай-ақ, негізгі ойын алаңында арнайы жабынды орналастырылды. Бұл жабынды олимпиадалық ойындарда қолданылады. Енді жаңартылған баскетбол алаңында халықаралық жарыстарды өткізу мүмкіндігі туды. Осы бастамаға қолдау көрсеткен барлық демеушілерге алғысымды айтамын, - деді баскетбол алаңының басшысы Самсон Аракелян.
Шара соңында қатысушылар спорттық ойындар ұйымдастырылып, арнайы сыйлықтар табысталды.