Маңғыстаулық жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттар байқауына өтінім қабылдау басталды

Маңғыстаулық жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттар байқауына өтінім қабылдау басталды

Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы өңір жастарына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттар байқауына өтінім қабылдауды бастады. Өтінім 6 қарашадан 16 қарашаға дейін жалғасады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай хабарлады.

Спикердің айтуынша, байқаудың басты мақсаты - белсенді шығармашыл жастардың бастамаларына қолдау көрсету.

- Байқау аясында «Мәдениет», «Ғылым», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес» және «Медиа» бағыттары бойынша 25 жеңімпаз анықталады. Олардың әрқайсысына 1 000 000 теңгеге дейін грант беріледі. Байқауға қатысушылар бірнеше талаптарға сай болуы керек. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс, Өтініш берушінің жасы өтініш берген кезде 14 жастан 34 жасқа дейін болуы керек, Өтінім беруші өтінім берген кезде Маңғыстау облысында тұрақты тіркелген болуы тиіс. Грантты беру, пайдалану және қайтарудың арнайы тәртіптері бар. Байқау жеңімпазы екінші деңгейдегі банктерде жеке шот ашып, комиссияның конкурс қорытындылары туралы хаттамасына қол қойылған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде ұйымдастырушыға банктік шотының нөмірі туралы анықтаманы беруі қажет, Грант алушы екінші деңгейдегі банктердегі жеке шотты грантты аудару үшін арнайы ашады. Сондай-ақ, грант алушы банктік шоттың бар-жоғы және нөмірі туралы анықтаманы ұсынғаннан кейін келісім - шартқа отырады, Кәмелетке толмаған грант алушылар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен шарт жасасады,- деді Мұқаш Оралбай.

Сонымен қатар, Маңғыстау облысының жастарына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттар байқауының бағыттары бар. «Ғылым» – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға беріледі; «Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға беріледі; «Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге беріледі; «Бизнес» – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға беріледі; «Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға беріледі.

Сондай ақ, грант алушы ұйымдастырушыға жобаның іске асырылу барысы, оның кезеңдері мен нәтижелері туралы ақпаратты БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жариялауға келісім беруі керек. Жобаны жүзеге асыру мерзімі жеңімпаз жастар анықталған сәттен бастап 2024 жылғы «31» желтоқсанға дейін жалғасады. Байқау, ережелер, іріктеу қорытындылары туралы ақпарат ұйымдастырушының @tauelsizdikurpaktary12 инстаграм парақшасында жарияланады.

Айтс кетсек, байқауға қатысуға қатысты барлық сұрақтар бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асырушы «КЕНЕС» Ақтөбе облысының жастар қоғамдық бірлестігіне, +7 775 187 6845 (WhatsApp) телефон нөмірі бойынша колл-орталыққа хабарласуға немесе TauelsizdikUrpaktary12 телеграм бот-чатына жазуға болады.