Ақтауда қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысымен «Ер жігіт- ел қорғаны» жобасы аясында тарихи тұлғалардың өмірінен шағын көріністер байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Байқау «Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілді. Шараның мақсаты - еліміздің саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік, мәдени және ғылыми жетістіктерінде өз орны бар тарихи тұлғаларды таныту, өскелең ұрпаққа үлгі ету. Шара барысында LED-экраннан жеңімпаз атанған қатысушылардың бейнороликтері көрсетілді.
-Байқау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысымен «Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілді. Байқау жасөспірімдердің бойында патриоттық сезімді дамытуға бағытталған. Шараға қатысушылар Т.Әшімбаев атындағы №11 лицей оқушыларының «Шоқыр-ноқтаға басы сыймаған аз қазақтың бірі» қойылымын тамашалады, деді Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлмира Балғожаева.
Байқауға 20 мектептен 27 қойылымға өтінім түсті.
-Жастар мен жасөспірімдерді тарихи тұлғалардың және әскери өмірмен таныстыру, елді қорғау ер жігіттің азаматтық борышы екенін саналы түрде сезінуге ықпал ету, патриоттық санасын қалыптастыру мақсатындағы жоба аясындағы іс-шараларға 1000-ға жуық Ақтау қаласының мектеп оқушылары мен колледж студенттері, білім беру ұйымдары, әскери бөлімдері қамтылды.
Жоба аясындағы жоспарланған әскери патриоттық сайыс, әскери бөлімдерге экскурсия, әскери дала жиыны, әскери патриоттық ән байқауы және әскери оркестрдің концерті, тарихи тұлғалардың өмірінен қысқаша қойылым байқауы жоғары деңгейде жүзеге асырылды, - деді «Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетова.
Қатысушылар «Үздік қойылым», «Үздік актерлік шеберлік», «Үздік ұжымдық жұмыс», «Үздік образ» номинациясы және І, ІІ және ІІІ дәрежелі диплом, алғыс хатпен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
I орын - Т.Әшімбаев атындағы №11 лицейдің «Шоқыр – ноқтаға басы симаған аз қазақтың бірі» қойылымы
ІІ орын А.Байтұрсынов атындағы №28 мектептің «Ахмет Байтұрсыновтың соңғы хат» қойылымы
III орын №25 мектептің «Серікбол Қоңдыбай- қазақтың екінші Шоқаны» қойылымы
«Үздік режиссура» номинациясы - №27 Өмірзақ мектебі,«Міржақып Дулатов» қойылымы
«Үздік ұжымдық жұмыс» номинациясы М.Әуезов атындағы №20 мектеп «Қасым хан» қойылымы
«Үздік актерлық шеберлік» номинациясы Серікбол Қондыбай ролін сомдаған №9 мектеп оқушысы Максим Рамазан.
«Үздік образ» номинациясы - «Дінмұхамед Қонаев» қойылымы №13 гимназиясы