Ақтауда қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысы аясында «Отбасым - алтын діңгегім» отбасы фестивалі өтті, - деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Шараның негізгі мақсаты - отбасылық құндылықтарды, үлгілі отбасыларды насихаттау. Отбасы фестиваліне ардагерлер, оқушылар, студенттер мен өнегелі отбасы өкілдері қатысты. Өнегелі отбасылар қатарында Абылдаевтар, Ақтаевтар және Манаш әулетінің жас жанұясы бар. Шарада Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали сөз сөйлеп, үлгілі отбасыларды алғыс хат табыстады.
-Отбасы - адам баласының шыр етіп дүниеге келіп, өсіп-өнетін, тәрбие алатын алтын бесігі. Балаларымыздың өнегелі тәлім-тәрбие алуы отбасына тікелей байланысты. Отбасы институтының негізі мықты болуы үшін көпті көрген ата-әжелеріміздің өнегелі сөздерін әрдайым жадымызда сақтауымыз қажет деп есептеймін. Бала тәрбиесі, отбасы құндылықтары жөнінде тәмсіл ойларын спикерлеріміз де жеткізді. Жастардың рухани дамуына негіз болатын осындай бастамалар жүзеге асырыла берсін деп тілек білдіремін. Өнегелі отбасыларымыз көп болсын!, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.
Спикерлер отбасындағы әкенің және ананың рөлі, отбасы мен мемлекетті басқарудағы ұқсас принциптер, ұлттық құндылықты жас ұрпақтың бойына сіңірудің маңыздылығы туралы сөз қозғады. Мамандар өз ойларымен бөлісумен қатар, қатысушылармен кері байланыс жасады. Психолог, ментор Саламат Момынова қатысушылармен бірге диагностикалық жаттығулар жасады. Маманның айтуынша, мұндай шаралар қоғам үшін маңызы зор.
-Отан - отбасынан басталады. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ отбасында берілген тәрбиені бойына сіңіріп өседі. Жанұясында болған дәстүрді өзі құрған отбасында жалғастырады. Ұрпақтар сабақтастығының жалғасын және ұлттық құндылықтардың маңыздығын айқындайтын осындай шаралар қоғам үшін маңызы зор деп ойлаймын. Шара ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін, - деді психолог, ментор Саламат Момынова.
Сондай-ақ, шарада ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге қолдан жасалаған әшекейлер, ойыншықтар мен бұйымдар қойылды.