2023 жылдың жазғы маусымы бойынша облыс тұрғындарын ауыз сумен жабдықтау тәулігіне орташа есеппен 150 000 текше метрді құраған болса, биыл бұл көрсеткіш орташа есеппен 200 000 текше метрге дейін өсті. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен баспасөз мәслихатында Маңғыстау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Серікқали Қанапин хабарлады.
Спикердің айтуынша, беріліп отырған су көлемі 170 000 текше метрді құрады. Облыс бойынша су тапшылығы шамамен 30 000 текше метрді құрады. Іске қосылып жатырған су тұщыту зауыттары мен су қондырғылары негізінде тамыз айына ауыз су тапшылығын 22 000 текше метрге азайтады.
- Ауыз су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін өңірде қуаттылығы тәулігіне 140 500 м3 болатын 9 су тұщыту зауыты мен қондырғылар құрылысы жүргізілуде және 1 магистралдық су құбырын қайта жаңарту және кеңейту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда жеке инвестор «Алека» ЖШС арқылы Сайын Шапағатов ауылында тәулігіне 4000 м3 ауыз сумен қамтылып отыр. Ақтау қаласында 7 000 м3 су тұщыту зауытының құрылысын салу жобасы жүргізілуде. Ақтау су тұщыту зауытының өз қаражаты есебінен жүргізіліп, жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта кешеннің белгіленген қуаты тәулігіне 6500-7000 текше метрді құрайды. Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 40 000 м3 дейін ұлғайту бойынша кеңейту жобасының ҚМЖ аяқталды. Тамыз айының соңында іске қосу жоспарланды. Ақтау қаласында ауыз судың тапшылығын азайту мақсатында «МАЭК» ЖШС-нің ОСЖТ-2 аумағында өнімділігі тәулігіне 6000 м3 кері осмосты тұщыландыру қондырғысының монтаж жұмыстары аяқталып, қазіргі таңда қондырғы іске қосылды,- деді Серікқали Қанапин.
Спикер Баянды ауылында су тұщыту қондырғысын орнату құрылысы жөнінде айтты. Қазіргі таңда бұл қондырғының қуатын тәулігіне 3000 м3 дейін арттырып, Баянды ауылымен қоса іргелес Бесшоқы тұрғын массиві және Дәулет ауылдарын үздіксіз ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сондай-ақ Форт – Шевченко қаласының халқын және жақын маңдағы елді мекендерді үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында өнімділігі тәулігіне 5000 м3 құрайтын су тұщыту зауытының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда зауыттың құрылыс монтаж жұмыстары 80%-ға аяқталды. Жобаны аяқтау 2024 жылдың қазан айына жоспарлануда. Қаражанбас кен орнындағы су тұщыту зауыты ағымдағы жылдың 15 мамырдан бастап жобалық қуатына шығуына байланысты, артылған 15 000 м3 су көлемі Жанаөзен қаласына және Маңғыстау, Қарақия, Бейнеу аудандарының елді-мекендеріне 1 шілдеден бастап берілуде. «МАЭК» ЖШС-де жылу алмастырғыш жабдықты ауыстыру дистилляциялық тұщыландыру қондырғысын жаңғырту. Қондырғының ауыстыру жұмыстары тиісті қаражат бөлінген жағдайда басталып, жұмыстарды аяқтау мерзімі - 2025 жылдың 1 жарты жылдығы деп жоспарлануда. «МАЭК» ЖШС аумағында кері осмос қондырғыларын қолдану арқылы су өндіру қондырғыларын салу. Ақтау қаласының халқын және оған іргелес елді мекендерді үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «МАЭК» ЖШС-нің аумағында өнімділігі тәулігіне 24 000 м3 құрайтын су тұщыту зауытының жобасы жасақталуда. Қазіргі таңда жоба әзірленуде, қорытындысын 2024 жылдың қыркүйек айында алу жоспарланды. Жобаны толық іске асыру мерзімі 2025 жыл. «Кендірлі» курорттық аймағында су тұщыту зауытының құрылысы жүргізіледі. Жаңаөзен қаласы мен жақын маңдағы Рахат және Теңге елді мекендерінің халқын сапалы және үздіксіз ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында Кендірлі курорттық аумағында өнімділігі тәулігіне 50 000 м3 құрайтын су тұщыту зауытының құрылысы жүргізілуде.
Жоба бойынша ҚМЖ аяқталу мерзімі-2024 жылғы желтоқсан, 2025 жылдың 30 мамырына дейін зауытты жобалық қуатқа шығару жоспарланған.
Одан бөлек, Серікқали Қанапин жылу желілері туралы хабарлады.
- Бұл бағытта 2023 жылы «Ақтау қаласының төменгі аймағындағы жылу желілерін қайта құрылымдау» жобасы басталды.
Бүгінгі күнге орталық жылу бекетінің іргетасы қаланды, есеп торабының ғимараты салынды және 2-Орталық сумен жабдықтау торабынан орталық жылу бекетіне дейін 4,3 шақырым су құбыры жүргізілді. Сонымен бірге Ақтау қаласының «Магистралдық жылу желілерін қайта жаңғырту» жобасының жұмыстары жүргізілуде,- деді Серікқали Қанапин.
Бұдан бөлек, өңірді газбен қамту бағытына қатысты бірқатар жұмыстар атқарылды.
Мәселен, «Маңғыстау ауданының 15-разъезд елді мекенін газбен жабдықтау құрылысы» ұзындығы – 27,9 шақырымға созылған. 2023 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып 27,9 шақырым газ құбыры толығымен орнатылды. Нысанды пайдалануға беру биылғы қазан айына жоспарлануда. «Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданы Тасмұрын және Тиген тұрғын алаптарының газ тарату жүйелерін салу» жобасының ұзындығы – 50,35 шақырым. Қазіргі таңда 22 шақырымында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Газ тасымалдау жүйесінің өңірлік бөлігі 40 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді және жоғары жүктемемен жұмыс істеп келеді – «Бейнеу – Жаңаөзен» магистральдық газ құбырының максималды өнімділігі – жылына 3,1 млрд. м3, «Жаңаөзен-Жетібай-Ақтау» МГ – 2,68 млрд.м3. Күзгі-қысқы кезеңдерде шекті жүктемеде жұмыс істейді.
Осыған орай, газ жүйесін жаңғырту бойынша 3 жоба іске асырылуда, оның ішінде басқарма тарапынан 1 жоба бар:
«Жұмыс істеп тұрған «Окарем – Бейнеу» магистралдық газ құбырына қосу нүктесімен «Жаңаөзен – Ақтау» магистральдық газ құбырының 4 – ші желісін салу» жобасы. Мердігер мекеме – «Транс Азия Констракшн» ЖШС. 2023 жылға бүгінгі таңда 46 шақырым орнатылды. Биыл жобаға түзету жұмыстары жүргізілуде. Жобаны аяқтау 2025 жылға жоспарланып отыр.
Сонымен «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Ақтау» магистралды газ құбырлары басқармасы тарапынан жүргізіліп жатқан жобаларға тоқталсақ.
«Жаңаөзен – Жетібай – Ақтау» магистралдық газ құбырын Ду 720 мм, «КазГПЗ - КС – Жаңаөзен» магистралдық газ құбыры Ду 720 мм, «Жаңаөзен – Жетібай – Ақтау» магистралдық газ құбыры Ду 529/530 мм 3 тармағын күрделі жөндеу» жобасы құбырының ұзындығы 3,3 шақырымңа созылған. Мердігер мекеме – «Қағам» ЖШС. 2022 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып қазіргі таңда, құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Бүгінгі таңда, нысанды тіркеу жұмыстары жүргізілуде. «Бейнеу – Жаңаөзен» магистралдық газ құбырының 1-тармағын күрделі жөндеу» жобасы құбырының ұзындығы - 13,38 км. «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Ақтау» магистралды газ құбырлары басқармасы тарапынан 2022 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып бүгінгі таңда 2,58 шақырым ақаулы газ құбыры ауыстырылды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2024 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, өңірімізде 2023-2029 жылдарға апатты және ескірген 113 КПТҮ бұзу жолымен меншік иелерін жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы бекітілді. Аталған жол картасына сәйкес 2023-2024 жылдарға Маңғыстау облысы Ақтау қаласының 3 шағын ауданындағы №34,35,36,37,38 тұрғын үйлерді бұзу жоспарланған. 2023 жылға Ақтау қаласы бойынша №34,35 тұрғын үйлері бұзылды. Аталған апатты тұрғын үйлердің орнына 5 қабатты 65 пәтерден тұратын № 71, 72 тұрғын үйлерінің құрылыс жұмыстары аяқталып, апатты танылған №34,35,36,37,38 үйлердің 56 пәтер меншік иелері толық көшірілді. Бағдарлама шығындары жеке инвестор «Құрылыс Строй Сервис» ЖШС қаражат есебінен жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, апатты танылған №36,37,38 үйлердің бұзылуы 2024 жылдың аяғына дейін жоспар бойынша ұйымдастырылуда. Бұзылған үйлердің орнына жаңадан 5 қабатты 90 пәтерлі тұрғын-үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі биыл қараша айына жоспарлануда.
Қазіргі уақытта Маңғыстау облысы бойынша халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ:
2024 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 49 пәтер, «Шаңырақ» бағдарламасы аясында 36 пәтер берілді. Жылдың аяғына дейін тағы да 150 пәтер беру жоспарлануда. «Отау» бағдарламасы бойынша 25 пәтер берілді, тағы 23 пәтер беру жоспарланған. «Маңғыстау жастары» бағдарламасы бойынша 43 пәтер берілді.
Сонымен қоса, "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға берілетін пәтер сатып алу үшін 2023 жылы 123 пәтер сатып алынған болатын. Ағымдағы жылға 154 пәтер сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның облигациялық қарыздары есебінен қосымша 672 пәтер сатып алу жоспарлануда. Жалпы алғанда барлығы 826 пәтер сатып алу нәтижесінде кезектегі ХӘОТ саны 9% - ға азайту жоспарланған.