Ақтауда геологтар «Таза Қазақстан» акциясы аясында ағаш отырғызды

Ақтауда геологтар «Таза Қазақстан» акциясы аясында ағаш отырғызды

Ақтауда  геологтар аллеясында «Таза Қазақстан» акциясы аясында сала мамандары ағаш отырғызды.

Шара Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығына арналды. Мұнай-газ саласының ардагерлері мен студент геологтар аллеяға 125 түп ағаш отырғызды. Басты мақсат - қаланы көркейту мен көгалдандыру. Қазақстан мұнайшы-геолог қоғамының президенті, геология-минералогия ғылымдарының докторы Балтабек Қуандықов бұл шараның жастарға берер өнегесі мол екенін тілге тиек етті.

-Бүгінгі шарада өңірдің өрлеуіне ерен  еңбегі сіңген ардагерлердің көбісі бой көрсетті. Жастарға айтарым, осы аталарыңның атқарған жұмыстарын ұмытпай, жолын қуыңдар. Еліміздің гүлдену, ел болуы, әлемге танылу қазіргі жас буынға байланысты. Сондықтан, еңбек ету керек, - деді Балтабек Қуандықов.

Сондай-ақ, «Батысқазжерқойнауы» Маңғыстау өңірлік инспекциясының басшысы Алмагүл Келбет шараға атсалысқан әрбір тұрғынға алғыс білдірді.

-Бетпақ даланы бағындырып, отандық экономкамыздың күшін арттыратын кен орындарын ашуға, мемлекетіміздің қазынасын байытуға сүбелі үлес қосқан ардагер-геологтар мен қазіргі таңда осы істі жалғастырып жүрген геолог-мамандар қауымына ыстық ықыласымызды білдіреміз.
Алдағы уақытта бұл аллея қаламыздың көркіне сән қосып, тұрғындарымыздың сүйікті демалыс орнына айналатыны анық, - деді Алмагүл Келбет.