Ақтауда жалпы ұзындығы 44 шақырымды құрайтын жылу желілерін жоспарлы түрде реконструкциялау жұмыстарына байланысты жазда ыстық су тоқтатылады деп күтілуде.
Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуалдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Серікқали Қанапин хабарлады.
Спикердің айтуынша, жоба 2024 -2026 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Ағымдағы жылы 7,9 шақырымға реконструкциялау жоспарланды. Бүгінгі таңда жылу желілердің тозуы 79% құрап отыр.
- 2023-2024 жылыту маусымы барысында жылу желілерінде 667 авариялық жағдай орын алды. Бұл жылумен қамтамасыз ету сапасына айтарлықтай әсер етеді. Үздіксіз және сапалы жылумен қамтамасыз ету үшін магистральдық және блокішілік жылу желілерін де реконструкциялау қажет. Блокішілік желілер бойынша жобалар 5 аумаққа бөлінген, бір жоба 2023 жылдан бері жүзеге асырылуда, бұл 3А, 3Б және 1-шағын аудандағы медициналық қалашықтағы желілер. Сондай-ақ, 1-6 шағынаудандар мен 7-ден 24-ке дейінгі шағын аудандардан блокішілік желілерді реконструкциялау бойынша 14 жоба дайындалуда. Оған қоса, желілердің тозуын азайту бағытында су құбыры және кәріз желілерін реконструкциялау бойынша 18 жоба жүзеге асырылуда, - деді Серікқали Қанапин.
Сондай-ақ, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Нұрпеиісов 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымын аяқтау барысында ағымдағы жылдың 10-12 сәуірі айы аралығында қала аумағындағы жылу желілеріне температуралық сынақ жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді.
- Инженерлік желілердің тозу деңгейі жоғары болуына байланысты, жылыту маусымы басталғаннан бері желілерде 667 ақаулардың орны анықталды. Оның ішінде 49 ақау магистральдық тарату желілерінде, 618 ақау шағын аудан ішілік жылу желілерінде орын алды. Барлық анықталған ақаулар «Каспий жылу, су арнасы» МКК-ң қызметкерлерімен жойылып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Осыған орай, 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысында «Ақтау қаласының магистральдық жылу желілерін қайта құру және салу» жобасы аясында «МАЭК» ЖШС-не және «Каспий жылу, су арнасы» МКК-не тиесілі желілерді ауыстыру бойынша ауқымды жұмыстар жоспарлануда, - деді Тілек Нұрпеиісов.
«Каспий жылу, су арнасы» Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бас инженері Асқар Дүзмағамбетовтің айтуынша, температуралық сынақ жұмыстарын жүргізу кезеңінде жылу желілерінде 42 авариялық жағдай орын алынып, барлығына тиісті шаралар қабылданып, қысқа мерзімде жөндеу жұмыстары жүргізілген.