Ақтауда балаларға арналған жазғы сауықтыру лагерьлерінің дайындық мәселесі талқыланды

Ақтауда балаларға арналған жазғы сауықтыру лагерьлерінің дайындық мәселесі талқыланды
Ақтауда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының ұйымдастыруымен мектеп жанынан ашылатын балалардың жазғы сауықтыру лагерьлерінің дайындығы туралы семинар өтті, - деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Шараға Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали, қаладағы білім беру ұйымдарының басшылары, медбикелер, асхана кәсіпкерлері қатысты. Жиында білім беру нысандарына қойылатын санитариялық талаптары, мектеп жанынан ашылатын балалардың жазғы сауықтыру лагерьлерінің дайындығы, қоғамдық тамақтану орындары, мектеп асханаларындағы қауіпсіздік мәселесі талқыланды.

-Шараның мақсаты - білім беру нысандарына қойылатын санитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету, балалардың жазғы сауықтыру лагерьлерінде дайындалған тамақтан улануының алдын алу. Мектеп жанынан ашылатын жазғы балалар лагерьлеріне қойылатын талаптар қатаң сақталуы тиіс. Олардың қатарында ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 10 тамыздағы №78 бұйрығы «Балалардың сауықтыру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар», 2021 жылғы 5 тамыздағы №76 бұйрығы «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» бар, - деді Ақтау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Қолқанат Есмұрзаева.