Ақтауда айына бір рет тұрғындар арасында үстел теннисінен қалалық лига ойындары өтеді

Ақтауда айына бір рет тұрғындар арасында үстел теннисінен қалалық лига ойындары өтеді
Ақтауда қала тұрғындары тегін айына бір рет қатыса алатын қалалық лига ойындары өтеді. Бұл бастаманы «MUSTAFA-RIM» спорт және өнер мектебінің директоры Раушан Исламғалиева көтерді, - деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

28А шағын аудан 21-ғимаратта орналасқан спорт және өнер мектебінің  директоры 50 жастағы Раушан Исламғалиева. Ол үстел теннисімен мектеп кезінен бері айналысып келеді. 2018-2020 жылдар аралығында Маңғыстау облысы бойынша ҚР үстел теннисі федерациясының төрайымының міндетін атқарушы болып жұмыс істеген.

-Мектеп кезінен бері үстел теннисінен айналысамын. Ол кезде үстел болмаса да, теннисті қабырғаға соғып ойнайтынмын. Басқа салада жұмыс істегенмен, қаладағы үстел теннисін дамытқым келді. «MUSTAFA-RIM» спорт және өнер мектебін аштым. Қазіргі таңда спорт мектептегі үстел теннисіне 30 спортшы қатысады. Оның ішінде спорт шеберіне үміткер 5 шәкіртім бар. «MUSTAFA-RIM» спорт және өнер мектебі 4 бағытта қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, үстел теннисі, ұлттық би, заманауи және фитнес тобы бар. Қала тұрғындары мен әуесқой теннисшілер арасында үстел теннисінен айына 1 рет тегін Ақтау қалалық лига ойындарын бастадым. Сонымен қатар, қала тұрғындарына арналған бірнеше жеңілдіктер бар. Зейнеткерлер әр жұма, мемлекеттік қызметкерлер әр сәрсенбі күні 17:30-19:30 аралығында мектепке келіп, тегін үстел теннисін ойнай алады, - деді «MUSTAFA-RIM» спорт және өнер мектебінің директоры Раушан Исламғалиева.