Маңғыстауда көркем және эстетикалық гимнастикамен 1000-нан астам бала шұғылданады

Маңғыстауда көркем және эстетикалық гимнастикамен 1000-нан астам бала шұғылданады

Маңғыстау облысында көркем және эстетикалық гимнастикамен 1000- нан астам бала шұғылданады. Облыстық көркем және эстетикалық гимнастика федерациясының президенті Аида Садатқызы «Меловой» спорт кешеніне барып, жаттықтырушылардың жұмысымен танысты.

Облыстық көркем және эстетикалық гимнастика федерациясының президенті жаттықтырушылар мен спортшылардың дайындық барысын көріп, оларға жылы лебізін білдірді.

- Гимнастика мен үшін таңсық әлем емес, табандылықты талап етеді. Спорттық мансапта кезіккен кедергілер мен қиындықтарға мойымау керек. Республикалық, тіптен халықаралық байқауларда өнер көрсету үшін үздіксіз даярлық, жүйелі жаттығу қажет. Алдағы Шымкент қаласында өтетін Қазақстан Республикасының Чемпионатында жеңіс тілеймін! Мен сіздерге сенемін. Баршаңызды биіктен көргім келеді,-деді Аида Садатқызы.

Бибігүл Ерназарова облыстық федерацияда 2016 жылдан бері қызмет етеді. 9 жасынан бері гимнастикамен айналысатын тәжірибелі спортшының жаттықтырушы ретінде еңбек өтілі 30 жылға жуықтайды.

- 5 жастан бастап қыздар кіші, орта және үлкен топтарда жаттығады. Жас ерекшелігіне қарай жаттығу уақыты 1-4 сағатқа дейін созылады. Чемпионат, жарыс алдында дайындықты күшейтеміз. Қыздар өте мықты, шыңдалған,-дейді Бибігүл Ерназарова.

Аталған спорт кешенінде спортшы қыздарға бар жағдай жасалған. Рысбике Сейбағыт гимнастика оның сүйікті спорты екенін айтады.

- Мені анам 7 жаста осы спортқа алып келді. Күнделікті қажырлы еңбектің, дайындықтың арқасында облыстық чемпионаттарда жүлделі орындарға ие болып жүрмін. 15 жасымда спорт шеберіне үміткер атандым. Гимнастика жүрегіме мықтап орныққан,-дейді Рысбике Сейбағыт.

Айта кетер дүние, 2024 жылы наурызда Маңғыстау облысында көркем және эстетикалық гимнастикадан республикалық жарыс өтеді. 13 қаңтар күні облыстық чемпионаттан іріктелген әр разрядтан 3 топ, 5 спортшы облыс намысын қорғайды.