Өмірзақ ауылындағы тұрғын үй массивтерінің атауы өзгертілді

Өмірзақ ауылындағы тұрғын үй массивтерінің атауы өзгертілді

Ақтау қаласына қарасты Өмірзақ ауылындағы тұрғын үй массивтері мен көшелердің атаулары өзгерді. Енді «Приморский» тұрғын үй массиві «Ақ желкен», ал «Приозерный» тұрғын-үй массиві «Оймаша» деп аталады, - деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, «Приморский» және «Рауан» тұрғын үй массивінің көшелеріне қазақша атау берілді. Атап айтқанда,  «Приморский» тұрғын үй массивінің «Жемчужина» көшесі «Ақ маржан»,«Весеняя» көшесі «Көктем», «Урожайная» көшесі «Құлагер» болып өзгертілді. «Рауан» тұрғын үй массивіндегі атауы жоқ көшелерге «Аққорған», «Жолбаян », «Ақмая», «Шыңырау», «Ақеспе» сынды атау берілген.

-«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 14 бабының 4-тармақшасына сәйкес, Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясының 2023 жылғы 18 сәуірдегі қорытындысы негізінде және ауыл халқының пікірін ескере отырып тұрғын үй массив атаулары мен көшелердің атауын өзгерту туралы шешім қабылданды. «Рауан» тұрғын үй массивінде 32 көше, ал «Приморский» тұрғын-үй массивінде 16 көшенің атауы өзгертілді, - деді Өмірзақ ауылының әкімі Бисенғали Кенжалиев.