Ақтауда 63 көп балалы анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табысталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Көп балалы аналардың 12-сі «Алтын алқа», ал 51-і «Күміс алқа» алды. Шарада қала әкімінің орынбасары Тілек Нұрпеиісов сөз сөйлеп, аналарға жылы лебізін білдірді.
-Биыл 14-қарашада Қазақстан Республикасының халық саны 20 миллион адамға жетті. Бұл қуантарлық жаңалық. Көп балалы аналар әрқашан құрметке лайық. Еліміздің демографиялық өсіміне үлкен үлес қосқан батыр аналарымыз көп болсын. Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін!, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Нұрпеиісов.
Көп балалы аналар да өз алғысын жеткізді. Солардың бірі Назирахан Тиллабаева. 7 баланың анасы бүгінде жеке кәсіппен айналысады.
-Бізді ескеріп алқамызды табыстап жатқан Ақтау қаласы әкімдігіне алғысымды білдіремін. Барлық аналардың дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілеймін. Балаларымыз аман, еліміз тыныш болсын!, - деді «Алтын алқа» иегері Назирахан Тиллабаева.