Ақтауда 17-қараша күні студенттер күніне орай «Qazaqsha Quiz» интеллектуалды ойыны өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығының» ұйымдастыруымен өткен додаға 20-ға жуық колледж студенті қатысты. Интеллектуалды ойын 5 кезеңге бөлінген.
Барлық қатысушыларға орталық атынан дипломдар, алғыс хаттар және естелік сыйлықтар табысталды. Сайыс қорытындысына сәйкес І дәрежелі дипломды «Мейірбике жоғары медициналық колледжі» иеленсе, ІІ орынды «Ш.Есенов атындағы колледжінің» студенттері жеңіп алды. «Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі» жүлделі ІІІ орынға ие болды. Ал «Асмет Ұлас» ПҚКиК колледжі ойын соңында жақсы командалық жұмыс көрсеткені үшін алғыс хатпен марапатталды.
-Интеллектуалды ойынға 4 колледж қатысты. Сайыста қатысушыларға сурет арқылы мақал-мәтелдер табу, логикалық сұрақтар, ән көңілдің ажары, «3 сурет - 1 сөз» сынды қызықты сұрақтар қойылды. Шараның негізгі мақсаты - жастардың танымдық қабілетін арттыру және білімдерін пысықтау, - деді «Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығы» жастар саясаты бөлімінің жетекшісі Жібек Ерқасым.