Ақтау қаласының 60 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Шарада шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан 60-қа жуық адам марапатталып, «Ақтауға 60 жыл. Ақтауға деген махаббатпен» атты кітаптың таныстырылымы өтті.
Ақтау 1959 жылдың 31 шілдесінен бастап Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен жұмысшы поселкесінің категориясына жатқызылып, оған Ақтау поселкесі атауы берілді. Жыл өткен сайын елді мекен құрылысы жандана бастады. Қаланың қалыптасуына тер төккен қайратты құрылысшылардың еңбегі мол. Алғашқы тұрғын үй ғимараттарынан кейін көп ұзамай мұнда қалалық типтегі қоныс пайда болды. Ал ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1963 жылғы 10 желтоқсандағы жарлығына сәйкес қала мәртебесіне ие болып, Ақтау қаласы деп атала бастады. Ақтау шаһары бұл күнде заман ағымымен қайта жаңғырып, жаңару үстінде.
Қазіргі Ақтау - кешегі келбетінен мүлдем жаңара түсті. Биыл шаһардың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 108,8 млрд.теңгені құрады. Ақтау - туристік әлеуеті зор қала. Биыл жаз айларында қаламызға келген туристер саны 160 725 адамды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 38%-ға артқан. Білім саласында да айтарлықтай өсім бар. Қала бойынша 122 мектепке дейінгі мекеме бар. Қазіргі таңда, қаламыздағы мектептерде барлығы 62 506 оқушы оқу жылын бастады. Бүгінгі таңда құрылысы басталған 18, 19А шағын аудандарда әрқайсысы 1200 орындық 2 мектептің құрылысы жүріп жатыр. «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы аясында Ақтау қаласы бойынша 10 600 орындық 8 мектеп салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ биыл «NСОС» компаниясының демеушілігімен 1500 оқушыға арналған 17 ш/а «Оқушылар сарайының» құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, 17 ш/а 500 орындық «Студенттер жатақханасы» салынды. Биыл қала әкімдігінің тапсырысымен 19А шағын ауданында тоғызқабатты төрт тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ақтау - Қазақстанның теңізге шығатын қақпасы. Жаһандық логистикалық жүйе қайта қалыптасып жатқан қазіргі кезде Каспий теңізінің маңызы күрт арта түсті. Ақтауды еліміздің алпауыт шаһарына айналдыру жолында әлеуметтік-экономикалық дамумен қатар, руханиятты байытудың түрлі тәсілдері мен амалдары жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі, әсем Ақтау шаһарының - 2025 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы атануы. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері Ақтау қаласын - 2025 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы етіп сайлады.
«Абай» атындағы мәдени-демалыс кешеніндегі фойеде қаланың 60 жылдығына орай ардагер фотограф Виктор Малюктың фотокөрмесі ұйымдастырылды. Шараға келген қонақтар мерекеге орай ұйымдастырылған фотокөрмені тамашалады. Мәдени шара барысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев сөз сөйлеп, жиналғандарды мерейлі мерейтоймен құттықтады.
-Қарт Каспийдің жағасында орналасқан ару қала - Ақтау алуан бейнелі, сан қырлы, тарихи тұрғыдан да көп қатпарлы шаһар. Қаланың қалыптасу тарихы өлке экономикасының өркендеу кезеңдерімен тұспа-тұс келеді. Қойнауы қазынаға толы құтты мекен ХХ ғасырда Маңғыстау түбегінде мұнай-газ, уран рудасы, битум, ұлутас, фосфориттер өндірісі сынды индустриалды үдерістердің жандануы Одақтың сан тарабынан ағылған жаңа қоныстанушылардың санының артуына септесті. Ал қазіргі таңда Ақтау қаласы Қазақстанның туристік орталығына айналып отыр. Әсіресе Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жасаған сапарында Каспий жағалауындағы мемлекеттермен бірлескен халықаралық жобаларды жүзеге асыруды қарастырып, әсіресе, круиз туризмін дамытуға шақырған болатын. «Маңғыстаудың ең ұтымды тұсы – Каспий теңізінің жағасында орналасуы. Соның арқасында жағажай туризмін дамытуға мүмкіндік бар», деген болатын Мемлекет басшысы. Осының бір дәлелі Ақтауда іске асырылып жатқан «Жылы жағажай» инфрақұрылымды дамыту жобасы осы бағытта жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаның бірі. Қаламыз әрқашан өркендеп, дами берсін, - деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Салтанатты шарада Наталья Задерецкаяның «Ақтауға 60 жыл. Ақтауға деген махаббатпен» атты кітабының таныстырылымы өтті. Туынды шөл далада оазис орнатқан азаматтар туралы сыр шертеді. Кітап он тараудан тұрады. Онда Ақтау қаласының тарихы, алғашқы құрылысшылар, қаланың денсаулық, спорт, білім саласында жасалған жұмыстары жазылды. 246 беттік кітап қазақ, орыс және ағылшын тілінде 1000 дана тиражбен шығарылды. Кітаптың лентасын Ақтау қаласының қалыптасуына үлес қосқан азаматтар Николай Баев пен Совет Татамбаев қиды. Шара барысында Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев сөз сөйлеп, жиналғандарды мерейтоймен құттықтады.
-Құрметті Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтары! Биыл өңіріміз үшін ерекше жыл. Себебі, киелі түбек Маңғыстау облысына 50 жыл, ал ақмаржан қала Ақтауға 60 жыл! Осы мерекемен сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Маңғыстау облысы - киелі мекен, ал Ақтау қаласы қарт Каспийдің жағасында орналасқан, теңдессіз көрікті шаһар. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев баршамыздың алдымызға үлкен тапсырмалар қойды. Бұл туристік әлеуетті дамыту және транспорттық-логистикалық қарым-қатынасты жандандыру. Теңіз арқылы біз көрші мемлекеттермен әлеуметтік-экономикалық, мәдени, сауда-саттық қарым-қатынасты кеңейтіп жатырмыз. Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының қолдауымен қаламызда жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеріп, бар нысандардың материалдық техникалық базасы кеңейтіліп жатыр. Қаланың құрылуына атсалысқан барша еңбек ардагерлерін сала мамандарына рақмет айтамын. Себебі қаламыздың салынуына өз үлестеріңізді қосып бүгінгі күні біз осы жолды жалғастырып жатырмыз. Қазақта жақсы ұғым бар ұрпақтар сабақтастығы деген. Ардагерлер салған сара жолды, жобаларды бүгінгі күні біз жалғастырып келеміз. Биылғы тарихи жаңалықтың бірі 2025 жылы Ақтау қаламыз Түркі әлемінің мәдени астанасы болды. Бұл Маңғыстау өңірі үшін үлкен жетістік. Себебі жыл бойы түбі бір түркі елдері Каспийдің жағасында бас қосып түрлі шаралар өткізеді. Қаламыз өркендеп дами берсін!, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Салтанатты жиында Ақтау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан 60-қа жуық азамат мерекелік медальдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Солардың бірі Маңғыстау өңірінің дамуына қатысты жобаларды жүзеге асырушы, облыстың құрметті азаматы, қоғам қайраткері Қайролла Ережепов.
-Ақтау қаласының 60 жылдығы құтты болсын! Бұл мереке барша маңғыстаулықтардың мерекесі. Шөл далада мұндай қала салу ерлікке пара-пар дер едім. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ 1978 жылы қала Испанияда әлемнің елу қаласы қатысқан конкурста табиғаты қиын, қатал жерде адамның тұруына жағдай жасағаны үшін «Патрик Аберкромби атындағы халықаралық сәулетшілер қауымдастығының» арнайы сыйлығын Ақтау қаласы алған. Қаланы салған еңбегі үшін 1977 жылы қаланың архитекторлары Кеңес үкіметінің мемлекеттік сыйлығын алды. Бүгінгі әдемі қаламыз ардагерлеріміздің еңбегі. Құрметті ардагерлер, қатарымыз сиремесін. Мереке құтты болсын, - деді қоғам қайраткері Қайролла Ережепов.
Мәдени шара мерекелік концертке жалғасты. Кеште «Настроение» би ансамблі «Матрос» биін билесе, ал «Молодость» джаз ансамблі «Бақыт құшағында» әнін орындады. «Аюна» вокалды триосы «Ақтауым» әнін шырқады. Концертте Нұрлан Қожантаев «Синяя вечность» әнін айтты. «Радуга» балалар шығармашылық студиясы және халықтық ұжым «Жорға» би ансамблі «Город родной» туындысын орындады.