Ақтауда кеміргіштерге қарсы дератизация жұмыстары басталды

Ақтауда кеміргіштерге қарсы дератизация жұмыстары басталды

Ақтауда 10-қазан күні кеміргіштерге қарсы дератизация жұмыстары басталды.

Ақтау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының ұсыныс хатына сәйкес қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі кеміргіштерге қарсы дератизация жұмыстарын жүргізетін мекемені анықтап, келісім-шарт жасақтады. Аталған жұмысты «Медик-гигиенист» өндірістік кооперативі жүргізеді. Мамандар дератизация жұмыстарын қазан айының соңына дейін жасайды.

-Аталған жұмыстар теңіз жағалауындағы «Самал» шағын ауданынан бастап «Ақтау теңіз сауда портына» дейін, сонымен қатар Приморск елді мекені, Өмірзақ ауылы және 16, 17 ш/а аумағында жүргізіледі. Сондай-ақ, егеуқұйрықтар қаладағы заңсыз қоқыс тасталған аумақта көбейгендігі анықталды. Сондықтан, барша қала тұрғындарын қоршаған ортаға құрметпен қарап, қоқысты арнайы жәшікке тастауларын сұраймыз, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Бахтияр Мақсатов.

Мамандардың айтуынша, дератизация жұмысына қолданылған препараттар адам өміріне және үй жануарларына ешқандай қауіп жоқ. Кеміргіштерге қарсы дератизация жұмыстары жалпы 20 км2 аумақты қамтиды.

-Дератизация жұмыстарын жүргізуде қолданылатын препараттар адам өміріне және үй жануарларына қауіп төндірмейді. Себебі біз дератизациялық препараттарды тек кеміргіштер тығылып паналайтын жерлерде ғана қолданамыз. Мысалы, кеміргіштерге қарсы уды теңіз жағалауындағы үлкен тастардың астына саламыз, - деді «Медик-гигиенист» өндірістік кооперативінің директоры Ольга Смирнова.